Нью-Йоркте 44 жастағы ер адам Бруклин көпірінің мұнараларының біріне шығып, шешініп, шамамен 85 метр биіктіктен Ист-Ривер өзеніне секірді, деп хабарлайды Arasha.kz, Qumash.kz-ке сілтеме қалдырып.
Оқиға 2 тамыз күні күндіз болған. Полицияның мәліметінше, ер адам көпірдің Манхэттен жағындағы солтүстік мұнарасына көтеріліп, оған бірнеше туды іліп қойған. Кейін үстіндегі киімін шешкен.
Оқиға орнына жедел қызмет мамандары келіп, оны қауіпті әрекеттен бас тартуға көндіруге тырысқан. Алайда ер адам олардың ескертуіне құлақ аспай, өзенге секіріп кеткен.
Куәгерлер оқиғаны видеоға түсіріп алған. Кадрларда оның секірер алдында басынан жоғары сөмкеге немесе киімге ұқсас затты көтеріп тұрғаны байқалады. Алдын ала болжам бойынша, ол оны қолдан жасалған парашют ретінде пайдалануға әрекеттенген.
Суға құлаған ер адамды су полициясының қызметкерлері жедел түрде құтқарып қалды. Ол ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ер адамның жанынан жеке басын куәландыратын құжаттар табылмаған. Ал көпірге ілінген тулардың арасында Қазақстанның мемлекеттік туы да болған. Алайда оның ер адамға қандай қатысы бары және тудың не себепті ілінгені әзірге белгісіз.