Ақтауда жігіт пен қыздың арасындағы жанжал куәгерлердің камерасына түсіп, бейнежазбалар әлеуметтік желілерде кеңінен тарады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жергілікті Instagram-парақшалардың мәліметінше, оқиға 2 тамыз, жексенбі күні таңғы сағат 08:00 шамасында қалалық жағалауда болған.
Бейнежазбалардың бірінде ақ түсті жакет пен қара көйлек киген қызды ер адамның жібермей ұстап тұрғаны көрінеді. Қыз босап шығуға тырысқанымен, ер адам оны жібермейді. Осы сәтте оқиға куәгерлері араласып, қызға көмектесуге әрекет жасаған.
Тағы бір видеода жағалау маңында ер адам мен қыздың сөзге келгені түсірілген. Жанжал кезінде ер адам қызға: «Сені зорлаймын», - деп қоқан-лоқы көрсеткен.
Осыдан кейін қыз қашып құтылуға тырысқан. Ал жейдесін шешіп тастаған ер адам оны жолдың бойымен қуа жөнелген. Мұны байқаған бірнеше жүргізуші көліктерін шұғыл тоқтатып, ер адамның жолын кесуге әрекеттенген.
Қыз өтіп бара жатқан көліктердің біріне мініп үлгерген. Алайда ер адам көлікке жүгіріп келіп, есігінен ұстап қалған. Сол кезде жүргізуші сыртқа шығып, қызға көмектесуге тырысқан. Ал оқиға куәгерлері жүргізушіден қызды қауіпсіз жерге алып кетуді сұраған.
Назар аударыңыз! Бейнежазбада бейәдеп сөздер айтылады.