Жетісу облысының өрт сөндірушілері әлеуметтік желіде көпшіліктің назарын аударған әсерлі видеомен бөлісті. Онда құтқарушылардың өртке дейінгі және өрттен кейінгі күйі салыстырылып көрсетілген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бейнежазбаның алғашқы кадрларында өрт сөндірушілердің арнайы киімі мен қорғаныс құралдары тап-таза көрінеді. Алайда тілсіз жаумен арпалысып шыққаннан кейін олардың бет-жүзі күйемен көмкеріліп, арнайы киімдерінің де түтін мен күлге боялғанын байқауға болады.
Осылайша құтқарушылар әрбір өртті сөндіру оңай жұмыс емес екенін, әр шақыртудың артында ауыр еңбек, жоғары жауапкершілік және өмірге төнетін қауіп жатқанын көрсетті.
Мамандардың айтуынша, өртпен күрес кезінде олар жоғары температура, қою түтін және түрлі қауіп-қатерге қарамастан адамдардың өмірі мен мүлкін аман алып қалу үшін тәулік бойы қызмет етеді. Жарияланған видео желі қолданушыларының ризашылығына ие болып, көпшілік құтқарушыларға алғыс пен қолдау білдірді.