Танымал актер әрі режиссер Алмат Сақатов әлеуметтік желіде ата-аналарға үндеу жасап, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуге шақырды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Өнер иесінің айтуынша, ол немерелерімен саябақта серуендеп жүргенде бір жігіттің қызды жылатып тұрғанын көрген.
«Қалдарыңыз қалай? Немерелеріммен паркте жүрсем, ағаш арасында бір жігіт қызды жылатып, ұстап тұр екен. Қасына барып, “бәріміздің қыздарымыз бар ғой” десем, жігіт “бұл менің қызым” деді. Қызға қарасам, “менің жігітім” дейді. Не істейсің енді? “Бір-біріңді жақсы көресіңдер ме?” десем, “иә” дейді», - деді актер.
Алмат Сақатов саябақта кішкентай балалар да, үлкендер де серуендейтінін айтып, жастардың жүріс-тұрысына алаңдайтынын жеткізді.
«Кішкене бала тәрбиелегенде, әсіресе қызға қызық үйден тыйым дейді ғой. Сондықтан балаларыңыз аман болсын, қарап жүріңіздерші. Кіммен, қайда жүр? Таңертең әлі сағат он болған жоқ. Парктің ішінде не істеп жүр? Түріне қарасам, түнімен жүрген сияқты. Отан - ошақтан басталады. Өз балаларымызды тәрбиелесек, қалғаны ешқайда кетпейді деп ойлаймын», - деді ол.