Өткен жылдың қараша айында ғимарат қасбетінің опырылып құлауы салдарынан қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы Әділет Зейнел алғаш рет соңғы айларда болған оқиғалар туралы кең көлемді сұхбат берді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның айтуынша, қазіргі жұбайымен биылғы сәуір айында танысқан.
Сондай-ақ Әділет Зейнел әлеуметтік желіде тараған «қалыңдығының жүкті болуына байланысты үйлену тойын бірінші жұбайының қайтыс болғанына бір жыл толмай тұрып өткізді» деген қауесетке де пікір білдірді. Алайда ол бұл ақпаратты нақты растаған да, жоққа шығарған да жоқ.
«Барлығы – Алланың қалауымен», – деді ол.
Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуан – Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясында қызмет еткен жас фельдшер. Ол 2025 жылдың 8 қарашасында елордадағы Тәуелсіздік даңғылы бойындағы тұрғын үй кешенінде болған қайғылы оқиға кезінде қызметтік міндетін атқару барысында ауыр жарақат алды.
Оқиға тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы құлағаннан кейін зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде болды. Куәгерлердің айтуынша, Ұлдана адамдарды құтқаруға қатысып жатқан сәтте ғимараттан кондиционер блогы құлап, оның басына тиген. Ауыр жарақат алған фельдшер ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер он күн бойы оның өмірі үшін күресті. Алайда 2025 жылғы 18 қарашада 23 жастағы Ұлдана Мырзуан көз жұмды.
Марқұм қызметіне адал, жанқияр маман ретінде әріптестері мен жақындарының құрметіне ие болды. Оның ерлігі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлдана Мырзуан қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Кейін Астанада Ұлдананың есімін ұлықтау мақсатында жедел жәрдем станциясында мемориалдық тақта ашылып, өзі білім алған медициналық колледждің аудиторияларының біріне оның есімі берілді. Бұл бастама жас маманның ерлігі мен кәсібіне адалдығын кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында қолға алынды.