Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Атырауда 12 жастағы қызға тиіскен ер адам іздестіріліп жатыр

Атырауда 12 жастағы қызға тиіскен ер адам іздестіріліп жатыр
Фото: freepik

Атырауда 12 жастағы қызға күш көрсетіп, тиіскен ер адамға іздеу жарияланды. Оқиға 2 тамыз күні сағат 22:00 шамасында Еркінқала-2 ықшамауданында болған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Анасының айтуынша, жасөспірім ойын алаңынан үйіне қайтып келе жатқан кезде белгісіз ер адам оны тоқтатып, қорқытқан. Күдікті қыздан алдымен арақ алып беруді талап еткен.

Жәбірленушінің анасы Балауса Өтеуованың сөзінше, ер адам кейін қызға жақындап, сүймек болған. Қыз қарсылық танытып, күдіктінің қолынан босап қашып кеткен.

«Тоқтаған да, “ернімнен сүй, ерніңнен сүйгізші” деген. Жақындатып жатқан кезде қызым желке шашынан ұстап тартқан. Сол сәтте қолы босап, тұра қашқан», – дейді анасы.

Ата-анасының айтуынша, оқиғадан кейін олар полицияға жүгінген. Бастапқыда жақын маңдағы бейнебақылау камералары жұмыс істемейтіні айтылған. Алайда кейін күдіктінің әрекеті тұрғын үйлердің біріндегі камераға түсіп қалғаны анықталған.

Қазір полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктіні анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.