Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

«Сахнаға шықпайды»: Сәкен Майғазиев Кенжебектің жағдайын айтты

«Сахнаға шықпайды»: Сәкен Майғазиев Кенжебектің жағдайын айтты
Сурет: скриншот

Танымал әнші Сәкен Майғазиев өнердегі досы Кенжебек Жанәбіловтің қазіргі денсаулық жағдайын айтып, көпшіліктен дұға тілеуді сұрады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Әншінің сөзінше, Кенжебек Жанәбілов екі күн бұрын қатты қысылып, жүрек талмасы болған. Қазір ол дәрігерлердің жіті бақылауында.

«Ақ Кенжештің халін сұрап, көңілін көтеріп қайттық. Еренсау дәрігерлеріне мың алғыс! Кенжебек білікті маман, тәжірибелі дәрігер Алмат Егізеков мырзаның жіті қадағалауында. Екі күн бұрын қатты қысылып, приступ беріпті. Бүгін беті бері қарапты», - деп жазды Сәкен Майғазиев.

Өнер иесінің айтуынша, дәрігерлер Кенжебек Жанәбіловке ота жасау мәселесін қарастырып жатыр. Ол үшін еліміздің жоғары дәрежелі кардиологтарымен консилиум өткізіліп, ортақ шешім қабылдануы қажет.

«Бір сөзбен айтқанда, жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек дейді. Ота жасаса, 3-4 ай сахнаға шықпай, демалуына тура келеді дейді. Кенжебек Тұрсынбайұлына дұға жасап қоялық. Алла шипа берсін», - деді әнші.

Сәкен Майғазиев сондай-ақ сырқаттанып жатқан адамның көңілін түсірмей, керісінше қолдау білдірудің маңызды екенін атап өтті.

«Ауырып жатқан жанның ұнжырғасын түсіре бермей, күлкіге көмкеріп, көңіл-күйін көтеріп кету сауапты амалдардан екен. Құлан-таза жазылып, аттай шауып жүрсін», - деп жазды ол.

Айта кетейік, бұған дейін Кенжебек Жанәбіловтің жүрек-қан тамырлары бітеліп, жансақтау бөліміне түскені хабарланған.