Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Temu-ға Еуроодақта тағы да ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін

Temu-ға Еуроодақта тағы да ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін
Фото: depositphotos.com

Қытайлық Temu маркетплейсіне Еуропалық одақ билігі тағы да қомақты айыппұл салуы ықтимал. Бұл жолы компанияға 2025 жылғы желтоқсанда жүргізілген тергеумен тиісті деңгейде ынтымақтаспады деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

2025 жылғы 2-5 желтоқсан аралығында Temu-дың Дублиндегі еуропалық кеңсесінде тінту жүргізілген. Еуроодақ билігі компания Қытай үкіметінен заңсыз болуы мүмкін субсидиялар алды деп күдіктенген.

Тексеру Еуропада Қытайдан келетін арзан импортқа қатысты алаңдаушылық күшейген тұста өткен. Себебі құны 150 еуродан төмен сәлемдемелерге кедендік баж алынбауы салдарынан интернет арқылы жеткізілетін арзан тауарлар көлемі күрт артқан. Еуропалық ритейлерлер бұл жеңілдік Temu мен Shein секілді платформаларға әділетсіз басымдық береді деп санайды.

Тінту кезінде Temu билікпен толық ынтымақтасып жатқанын мәлімдеген. Алайда 2026 жылғы шілденің соңында Еуропалық комиссия компанияның тексеру барысында кейбір міндеттерін орындамағаны алдын ала анықталғанын хабарлады.

Комиссия мәліметінше, Temu Дублиндегі тексеру кезінде бірқатар маңызды ақпаратты ұсынбаған. Атап айтқанда, нақты бухгалтерлік кітаптар, компанияның ЕО аумағындағы қызметін ұйымдастыру және басқару туралы деректер, сондай-ақ пайдаланылатын IT-құралдар мен жүйелер жайлы мәліметтер берілмеген.

Еуропалық комиссия бұл ақпараттың болмауы тергеуге маңызды болуы мүмкін дереккөздерді тексеруге кедергі келтіргенін мәлімдеді.

Егер айыптар дәлелденсе, Temu-ға компанияның жалпы жылдық айналымының 1 пайызына дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Temu өз кезегінде әділетсіз шетелдік субсидия алғанын жоққа шығарды. Компания сондай-ақ тексеру кезінде комиссиямен толық ынтымақтасқанын және қойылған барлық талапты орындағанын мәлімдеп отыр.

Бұл Temu-дың Еуропадағы алғашқы мәселесі емес. 2026 жылғы мамырдың соңында Еуроодақ билігі маркетплейсті сапасыз және қауіпті тауарлар сатқаны үшін 200 миллион еуроға айыппұл салған.

Temu-ға қатысты талап Түркияда да айтылды. Онда компанияға 3,7 миллион түрік лирасы, яғни шамамен 36,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұған түрік билігінің жоспарланған тексеру үшін Temu кеңсесіне кіре алмауы себеп болған. Компания өкілдері сұрауға қарамастан кеңсеге келмеген, ал кіріс туралы ақпарат белгіленген мерзімнен кеш берілген.

Temu қызметіне қатысты тексеру Әзербайжанда да басталған. Онда маркетплейс бағаны демпингтеу және антимонополиялық заңнаманы бұзу күдігіне ілінген.

Қазақстанда Temu-ға қатысты ресми айып тағылған жоқ. Дегенмен кейбір депутаттар қазақстандық және шетелдік маркетплейстерге түсетін салық жүктемесінің тең емес екенін бірнеше рет көтерген.

Олардың пікірінше, шетелдік платформалар негізінен «Google салығы» деп аталатын қосылған құн салығын төлейді, ал отандық сауда алаңдары салықтардың толық тізімін өтеуге мәжбүр.

Депутат Азат Перуашев қазақстандық және шетелдік кәсіпкерлерге тең жағдай жасалуы қажет екенін айтқан.

«Ереже әділ, жағдай тең болуы керек. Кәсіпкерлерімізге ең болмағанда салық жүктемесі жағынан бірдей мүмкіндік беріңіздер. Содан кейін тұтынушы үшін бәсекелессін. Ал қарсыластарында әуелден-ақ тиімді жағдай болса, олар бағаны төмендетіп, демпинг жасай алады. Мұндай кезде біздің кәсіпкерлер бастапқыдан-ақ әлсіз жағдайда қалады», – деген депутат.

Қазақстанда шетелдік маркетплейстермен тең емес бәсеке мәселесі жиі талқыланады. Сонымен қатар қазіргі таңда 200 еуроға дейінгі тауарларды бажсыз әкелу шегін өзгерту мәселесі де мезгіл-мезгіл көтеріледі.

Бұған қоса, қазақстандық БАҚ-та бұған дейін Temu пайдаланушылардың жеке деректерін жинап, оларды Қытайға беруі мүмкін деген күдік туралы материалдар жарияланған.

Grizzly Research зерттеу компаниясы Temu-ды «кең таралған ең қауіпті қосымша» деп атаған. Сарапшылар қосымшада кең көлемде дерек жинауға мүмкіндік беретін жасырын функциялар болуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Олардың айтуынша, Temu қосымшасы құрылғыдағы геолокацияға, байланыстар тізіміне, микрофон мен камераға секілді деректерге кеңейтілген рұқсат сұрайды. Зерттеушілер мұндай дерек жинау электронды сауда платформасына қажет мөлшерден асып кетуі мүмкін деп есептеген.

Temu бұл күдік пен айыптардың барлығын жоққа шығарып келеді.

Бөлісу