Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Нұрай Серікбайды өлтірген Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Нұрай Серікбайды өлтірген Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Фото-коллаж: smartnews.kz

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты сот процесі аяқталды. Сот Шерхан Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Нұрай Серікбай 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте қаза тапқан. Тергеу нұсқасы бойынша, Шерхан Аймахан бұған дейін бойжеткенді некеге тұруға мәжбүрлеу мақсатында алып қашқан. Қыз қарым-қатынасты тоқтатқаннан кейін де оны қудалауын жалғастырған.

Іс материалдарында Аймаханның Нұрайға қайта-қайта қоңырау шалғаны көрсетілген. Тергеу деректеріне сәйкес, бір жолы ол бір жарым сағатқа жетпейтін уақыт ішінде бойжеткенге 76 рет хабарласқан.

Қайғылы оқиға болған күні айыпталушы Нұрайға 35 рет пышақ жарақатын салған. Бойжеткен алған жарақаттарынан сол жерде көз жұмған. Қылмыстан кейін күдікті бой тасалап, екі күннен соң ұсталған.

Шерхан Аймаханға аса қатыгездікпен адам өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг баптары бойынша айып тағылды.

Сот барысында оның психикалық жағдайына қатысты сараптама қорытындысы да қаралды. Сарапшылар Аймаханның қылмыс кезінде өз әрекетінің мәнін түсінуге және оны бақылауға қабілетті болғанын анықтаған.

Мемлекеттік айыптаушы бұған дейін соттан Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

Сот прокурордың талабын қолдап, оған ең қатаң жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру үкімін шығарды.