Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

«Клиент болып жазылған»: Шымкентте ер адам бұрынғы әйеліне қышқыл шашқан

«Клиент болып жазылған»: Шымкентте ер адам бұрынғы әйеліне қышқыл шашқан
Сурет: скриншот

Шымкентте 42 жастағы әйелге жасалған сұмдық шабуылдың мән-жайы белгілі болды. Тергеу нұсқасы бойынша, оның бұрынғы күйеуі әйелге қышқыл шашып, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды Arasha.kz, Bairaq Media-ға сілтеме жасап.

Жәбірленуші ауыр күйік алып, қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

Әйелге шабуыл оның жұмыс орнында - сұлулық салонында болған. «НеМолчиKZ» мәліметінше, 44 жастағы ер адам бұрынғы әйеліне клиент ретінде жазылып, кешкі уақытқа процедураға келген.

Кейін арнайы жұмыс киімін киіп, әйелді аңдып тұрып, оның үстіне қышқыл шашқан. Салдарынан 42 жастағы әйелдің басы, беті және денесі күйіп қалған. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.

Ерлі-зайыптының бес жыл бұрын ажырасып кеткені белгілі болды. Жәбірленуші бұған дейін бұрынғы күйеуінің қайта пайда болып, кек алатынын айтып қорқытқанын мәлімдеген.

Күдікті көп ұзамай Алматы қаласында ұсталды. Ол сол жерде жасырынып жүрген.

«Осы факті бойынша полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, сол күні Алматы қаласында ұстады. Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, қамауға алынды», - деді Шымкент қаласы ПД бастығының орынбасары Еркебұлан Ережепов.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.