Жамбыл облысында экс-депутат Бақытжан Базарбек жол апатына түсіп, адамды қағып кеткен деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Arasha.kz Stan.kz -ке сілтеме жасап.
Оқиға Луговое ауылының маңындағы тасжолда болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, бұған дейін осы учаскеде тағы бір жол-көлік оқиғасы болып, көлік малды қағып кеткен. Соның салдарынан жолда малдың өлексесі қалған.
Оны жолдан алып тастау үшін шыққан ер адамды Базарбек тізгіндеген Toyota көлігі қағып кетті. Зардап шегуші ауруханаға жеткізіліп, қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр.
Дәрігерлердің хабарлауынша, науқастың жағдайы өте ауыр. Оған жабық бас-ми жарақаты және мидың соғылуы, білек сүйегінің жабық сынуы, сирақ сүйегінің ашық сынуы және I дәрежелі травматикалық шок диагноздары қойылған.
«Аталған жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша Т. Рысқұлов аудандық полиция бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, «Toyota» автокөлігінің жүргізушісі Б. есімді азамат жол үстінде тұрған жаяу жүргіншіні қағып кеткен», - делінген полиция хабарламасында.
Бұрынғы депутат медициналық тексеруден өткен. Сараптама нәтижесінде оның қанынан алкоголь анықталмаған.