ALPHA тобының бұрынғы мүшесі Дарын Амангелді, көпшілікке DARK лақап атымен танылған әнші, WEDRINK мекемесінде жұмыс істеп жүрген жерінен байқалды, деп хабарлайды Arasha.kz, steppe.daily-ға сілтеме жасап.
Желіде тараған кадрлардан музыканттың касса маңында тұрып, келушілерге қызмет көрсетіп жатқанын көруге болады. Алайда оның аталған жерде тұрақты жұмыс істейтіні немесе бұл уақытша жұмыс екені әзірге белгісіз.
Дарын Амангелді 2025 жылдың 13 маусымында ALPHA тобынан кеткен болатын. Бұл жағдай оның бұрынғы сүйіктісінің әншіге қатысты көпшілік алдында айтқан айыптауларынан кейін болған.
Кейін DARK әлеуметтік желіде видео жариялап, кешірім сұраған. Ал ALPHA тобы Дарынмен әріптестік «екі тараптың өзара шешімімен» тоқтатылғанын мәлімдеп, бұл шешім оның кінәсін мойындағанын білдірмейтінін атап өткен.
Енді әншінің жаңа видеосы желі қолданушыларының назарын қайта аударды. Бірқатар жанкүйерлер бұрын сахнада жүрген өнер иесін мұндай жағдайда көру өздеріне тосын әрі көңілсіз болғанын жазса, енді бірі өткен жылы айтылған айыптауларды еске салған.
Әзірге Дарын Амангелдінің өзі тараған кадрларға және WEDRINK-тегі жұмысына қатысты пікір білдірген жоқ.