Қазақстанда табиғатқа жіберілген амур жолбарысы Үміт Балқаш маңындағы тұрғындардың алаңдаушылығын тудырды. Әлеуметтік желіде жыртқыштың еркіндікке жіберілуі қызу талқыланып, кей тұрғындар Балқашқа баруға қауіптенетінін, енді бірі үй жануарлары мен малдың қауіпсіздігіне алаңдайтынын жазды, деп хабарлайды Arasha.kz, astana_newtimes-ке сілтеме қалдырып.
Айта кетейік, 2026 жылдың мамырында Ресейден Қазақстанға төрт амур жолбарысы жеткізілген. Жануарларды табиғатқа жібермес бұрын олардың жабайы ортада өмір сүруге дайындығы тексерілді. Адамнан қашық жүру қабілетін анықтау кезінде жолбарыстар адамды шамамен 150 метр жерден байқап, қызығушылық немесе агрессия танытпай, керісінше алыстауға тырысқан. Аң аулау қабілеті де арнайы тексерістен өткен.
Қазақстан аумағында жолбарыстар шамамен 70 жыл бойы кездеспеген. Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру мақсатында Хабаровск өлкесінен генетикалық тұрғыдан жақын амур жолбарыстары әкелінді.
Үміт есімді жолбарыс Іле-Балқаш резерватына жіберілер алдында аң аулау және адамға реакция білдіру дағдылары бойынша тексеруден өткен. Қазір жыртқыш жабайы табиғатта өздігінен қабан мен елік аулап жүр.
Резерват аумағы толық қоршалған, ал ең жақын елді мекендер шамамен 60 шақырым қашықтықта орналасқан. Үміттің қозғалысы GPS қарғыбауы мен фототұзақтардың көмегімен тәулік бойы бақыланады.
Қорық аумағы бақылау деңгейіне қарай жасыл, сары және қызыл секторларға бөлінген. Жыртқыш қауіпсіз аумақтан шығып кеткен жағдайда арнайы жанжалдың алдын алу тобы әрекет етеді.
Өңір тұрғындарына қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп жатыр. Сондай-ақ жыртқыш малға шабуыл жасаған жағдайда өтемақы төлеу қарастырылған.
Үміттен бөлек, Ресейден бір аталық жолбарыс пен екі жолбарыс күшігі әкелінген. Олар қажетті тексерулерден өтіп, есейгеннен кейін табиғатқа жіберіледі.
Дереккөз: КТК