Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Жамбыл облысындағы жас ананың қазасы: Марқұм Мадинаның туыстары тың деректі айтты

Жамбыл облысындағы жас ананың қазасы: Марқұм Мадинаның туыстары тың деректі айтты
Фото-коллаж: Ulysmedia.kz

Меркіде қайтыс болған 19 жастағы Мадинаның ісіне қатысты әлеуметтік желідегі талқылау жалғасып жатыр. Бұл жолы көпшілік марқұмның қайын сіңлісіне қатысты тараған ақпараттарға назар аударды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Журналист Жан Ахмадиев Мадинаның анасымен бірге оның қайын жұртына барып, марқұмның киімдері мен жеке заттарын алмақ болған. Алайда сол жерде екі тарап арасында келіспеушілік туындағаны айтылады.

Әлеуметтік желіде тараған видеода әйел адамның "затты әкетіңдер" деп дауыс көтергені естіледі. Сондай-ақ «қалың мал бергенбіз» деген сөз айтылған. Бұл кадрлар желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды.

Кейін журналист Руслан Өтепбайға Мадинамен бұрын бір палатада жатқанын айтқан әйел хат жолдаған. Оның сөзінше, олар былтыр наурыз айында гинекология бөлімінде бірге ем қабылдаған.

"Сәлеметсіз бе, қалыңыз қалай? Мына барни үшін қайтыс болған қызбен былтыр наурыз айында гинекологияда бір палатада жатқан едік. Ол кезде енді жүкті болған кезі екен, қауіппен жатты. Екеуміз палатада қалғанда жылап, әңгімесін айтып беріп еді. Күйеуім не болса да ұра береді деп. Ата-енесі де жас екен, айтып еді, ұмытып қалдым. 82-84-тегілер ме, сондай.

Бұл қыздың әкесі жоқ екен. Бірақ «елдерге әкем бар деп айтамын, жұмысқа кетті деп айтамын бәріне» деп еді. "Әкем жоқ деп айтқым келмейді" деп. Құдай-ай, жүрегім ауырып, ұйқым қашты. Сол кезде жылап айтып еді: "Ұра береді" деп. "Қайынсіңілім бар, ол да ортаға түсіп, қырылыстырып отырады" деп еді. Өзі еркелеп сөйлейді екен, кішкентай ғой енді, 17-де. Енді міне, ақыры түбіне жетіпті ғой. Сол кезде «бір рет ұрғаннан кейін кетіп қал, қауіпке жеткенше ұрған адаммен тұрудың қажеті жоқ" деп едім. Одан кейін ол қызды көрмедім. Осыны инстадан көріп, шок болып жатырмын. Хиджаппен келген болатын палатаға. Кейін шешкен сияқты ғой. Алла алдынан жарылқасын", – делінген хатта.

Алайда хат авторының айтқандары мен әлеуметтік желіде қайын сіңлісіне қатысты тарап жатқан өзге де мәліметтер әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Қазіргі уақытта Мадинаның өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Іс бойынша тараған деректер мен куәгерлердің мәлімдемесіне құқық қорғау органдары тиісті құқықтық баға беруі тиіс.