Танымал актер Асылбек Боранбаевтың жұбайы Гүзел Ушурова өзінің білім жолы, кәсіби біліктілігі мен отбасылық тәрбиесі туралы айтып берді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің кандидаты атанған ол мемлекеттік тілді еркін меңгеруінің сырын бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл туралы Гүзел Ушурова Hit TV арнасына берген сұхбатында айтты.
Гүзел Ушурова өзінің білім беру саласындағы еңбек жолына тоқталып, қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша ғылыми дәрежеге ие болғанын айтты.
«Мен өзім қазақ мектебін бітіргенмін. Анам - қазақ, ал әкемнің тегі аралас. Сондай-ақ мен - қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Қазақ әдебиеті бойынша кандидаттық диссертация қорғағанмын, филология ғылымдарының кандидатымын. Иә, кейде кейбір қазақтардың өзіне қазақша үйретіп жіберетінім бар (күлді)», - деді Гүзел Ушурова.
Сондай-ақ ол бойындағы тілдік ортаның қалыптасуы мен ана тілін білу деңгейіне қатысты пікірін білдірді.