АҚШ президенті Дональд Трамп елдің магистральдық электр энергетикалық жүйесін қорғау мақсатында төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz, Tengrinews.kz-ке сілтеме жасай отырып.
Вашингтон шетелде өндірілген кейбір электр жабдықтары АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен экономикасына қауіп төндіруі мүмкін деп алаңдап отыр.
Трамп қол қойған жарлыққа сәйкес, америкалық билік қауіпті деп танылған шетелдік жабдықтарды сатып алуға, импорттауға және орнатуға шектеу қоя алады.
Шектеулер трансформаторлар, генераторлар, жоғары кернеулі ажыратқыштар, энергия сақтау жүйелері, өнеркәсіптік басқару жүйелері, сондай-ақ оларға қатысты бағдарламалық қамтамасыз ету мен микробағдарламаларға қатысты болуы мүмкін.
Құжатта жасанды интеллекттің қарқынды дамуы, деректерді өңдеу орталықтарының көбеюі және қорғаныс өндірісінің кеңеюі электр энергиясына деген тәуелділікті арттырғаны айтылған. Осыған байланысты энергетикалық инфрақұрылымға жасалуы ықтимал шабуылдар мен жеткізу тізбегіндегі ақаулардың салдары бұрынғыдан да ауыр болуы мүмкін.
АҚШ аумағында бұған дейін орнатылған шетелдік жабдықтар жұмысын жалғастыра береді. Алайда олардың ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретіні анықталса, билік жабдықты оқшаулауды, ауыстыруды немесе толықтай алып тастауды талап ете алады.
АҚШ Энергетика министрлігі 120 күн ішінде президент жарлығын жүзеге асыруға арналған тиісті ережелерді әзірлеуі тиіс.