Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясында заң шығарушы органның басшылық құрамын қалыптастыру мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мемлекет басшысы Конституцияның 57-бабына сәйкес Құрылтай төрағасының кандидатурасын Президент ұсынатынын атап өтіп, бұл қызметке Айбек Дәдебайды ұсынды.
"Ең алдымен, Құрылтайдың басшылық құрамын сайлап, құрылымын қалыптастыру қажет. Өздеріңізге мәлім, Конституцияның 57-бабына сәйкес Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Президент ұсынады. Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын", – деді Тоқаев.
Президент Айбек Дәдебайдың мемлекеттік басқару саласында ұзақ жыл еңбек еткенін және тәжірибесі мол екенін айтты.
"Сіздер бұл тұлғаны жақсы білесіздер. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет етті. Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді. Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарын Айбек Дәдебайдың кандидатурасын қолдауға шақырды.