Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы парламенттің алғашқы сессиясында заң шығарушы органға не себепті «Құрылтай» атауы берілгенін түсіндірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл атау тарихи сабақтастықты жаңғыртып, қазақ даласындағы саяси дәстүрді қазіргі мемлекеттік басқару жүйесімен байланыстырады.
"Реформаның арқасында тарихи тамыры тереңде жатқан Құрылтай ұғымы қайта жаңғырды. Ата-бабамыз ел тағдыры шешілетін сындарлы сәттерде Құрылтай шақырған", – деді Президент.
Тоқаев мысал ретінде Талас және Ордабасы құрылтайларын атап өтті. Оның сөзінше, Талас құрылтайы Алтын Орданың құрылуына ықпал етсе, Ордабасы құрылтайы қиын кезеңде қазақ халқының бірлігін күшейткен.
Президент "Құрылтай" ұғымы Ұлы даладағы парламентаризм дәстүрінің терең тарихы бар екенін көрсететінін айтты.
"Сондықтан заң шығарушы органға Құрылтай деген атау бердік", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шешімнің өткенді аңсау емес екенін де ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мақсат – тарихи дәстүрді сақтап, оны заманауи саяси жүйемен ұштастыру.
Президент Құрылтай атауы халықтың тарихын, ұлттық болмысын және болашаққа деген ұмтылысын бейнелейтінін жеткізді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ел алдында ауқымды міндеттер тұрғанын айтып, депутаттарды ең алдымен халық пен ұлт мүддесіне адал қызмет етуге шақырды.
"Біз өскелең ұрпақтың игілігі үшін ынтымағы жарасқан, Заң мен тәртіп үстемдік құрған Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Күшті Қазақстанды құрып жатырмыз", – деді Тоқаев.