Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

"Шешімін күткен мәселе көп": Тамара Асар Құрылтай депутаттарына үндеу жасады

"Шешімін күткен мәселе көп": Тамара Асар Құрылтай депутаттарына үндеу жасады
Тамара Асар. Фото: instagram.com/tamara_assar_official

Әнші Тамара Асар Құрылтайдың жаңа құрамына сайланған депутаттарды құттықтап, елдегі бірқатар әлеуметтік мәселеге назар аударуға шақырды, деп Arasha.kz тілшісі Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі жазбасында 145 депутатқа халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған сапалы заңдар қабылдауды тілеп, олардың берген антына адал болуына ниеттестік білдірді.

"Ардақты ағайын! Құрылтайдың су жаңа депутаттары құтты болсын! Халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жөндейтін заңдар шығарып, қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заман болсын! Лайым 145 депутат бүгінгі берген анттарына берік болып, өз ерік-жігерлерімен, қажыр-қайраттарын қаншама мұқтаж жандардың сауабын алатын сапалы жұмыс жасауларына жазсын", – деп жазды әнші.

Тамара Асардың айтуынша, елде әлі күнге дейін нақты шешімін қажет ететін мәселе аз емес. Солардың бірі ретінде ол протездік-ортопедиялық әлеуметтік қызметтер жүйесін атады. Әнші мемлекеттік порталдағы осы қызмет түріне қатысты талаптар мен тетіктерді бүгінгі жағдайға сай жаңартып, толықтыру қажет деп есептейді.

"Қазақстанда мемлекеттік порталдағы протездік-ортопедиялық әлеуметтік қызметтерге толықтырулар және бүгінгі күнге сай жаңаша түзетулер керек. Осы мәселемен сауаты терең, сол саланың бүге-шүгесін жақсы білетін, тәжірибесі мол мамандар, яғни мемлекеттік деңгейде Құрылтайдың мінбесінде депутаттардың айналысуын өтінемін", – деді Тамара Асар.

Өнер иесі бұл мәселе Құрылтай мінберінде көтеріліп, саланы жетік білетін мамандардың қатысуымен нақты шешімдер қабылданса деген тілегін білдірді.