Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болып тағайындалды. 31 тамызда Құрылтай отырысында оның кандидатурасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды. Дауыс беру қорытындысында 141 депутат Ерлан Қариннің кандидатурасын қолдады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Осыған байланысты Қазақстанның жаңа саяси жүйесіндегі маңызды лауазымдардың біріне келген Ерлан Қариннің өмірбаяны мен еңбек жолына тоқталайық.
Ерлан Қарин кім?
Ерлан Тынымбайұлы Қарин 1976 жылғы 26 мамырда Түркістан облысы Сайрам ауданының Ақсу ауылында дүниеге келген. Ол – саясаттанушы, саяси және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар кандидаты.
1996 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін "Тарих және география" мамандығы бойынша тәмамдап, тарих және география пәндерінің мұғалімі біліктілігін алған. 1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің аспирантурасын аяқтады.
Еңбек жолын Ақтөбе қаласындағы №33 орта мектепте тарих және география пәндерінің мұғалімі ретінде бастаған. Кейін саясаттану және сараптамалық зерттеулер саласына ауысты.
1998 жылдан бастап Қазақстанды дамыту институтының Саяси зерттеулер орталығында қызмет атқарып, кейін Ресей және Қытай институты директорының орынбасары болды. 2000 жылы Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігін басқарды. 2002 жылдан Қазақстан премьер-министрінің штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарды.
2003 жылы "Асар" республикалық партиясы төрағасының бірінші орынбасары және Халықаралық заманауи саясат институтының бас директоры болды.
2006 жылы Маңғыстау облысы әкімінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі қызметіне кірісті. 2008 жылы Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалып, сол жылдың қарашасынан "Нұр Отан" партиясының стратегиялық даму жөніндегі хатшысы қызметін атқарды.
2013 жылдың соңында АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы Америка университетінде шақырылған профессор болды. 2014 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры болып тағайындалды.
2017 жылы Ерлан Қарин "Қазақстан» РТРК" АҚ басқарма төрағасы қызметіне келді. Ол ұлттық телеарнаны 2019 жылдың сәуіріне дейін басқарды. Кейін Президент кеңесшісі, ал 2020 жылдан Президенттің саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі болды.
2022 жылғы 5 қаңтарда Ерлан Қарин Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды. Сол жылдың 14 маусымында Мемлекеттік хатшы лауазымы Мемлекеттік кеңесші болып өзгертіліп, Қарин жаңа қызметке тағайындалды. Ол бұл лауазымды 2026 жылғы 30 маусымға дейін атқарды.
2026 жылғы 30 маусымда Ерлан Қарин Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары қызметіне ауысты.
Ал 31 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев оның кандидатурасын Қазақстанның вице-президенті қызметіне ұсынды. Құрылтай депутаттарының басым бөлігі кандидатураны қолдап, 141 депутат дауыс берді. Осылайша Ерлан Қарин Қазақстанның жаңа саяси жүйесіндегі вице-президент лауазымына келді.
Жаңа Конституцияға сәйкес, вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде Мемлекет басшысының атынан өкілдік етеді. Сондай-ақ Президент өз міндетін атқара алмайтын жағдайда оның өкілеттігі бірінші кезекте вице-президентке өтеді.