Таяу Шығыстағы жағдай қайта шиеленісті. Иран Иордания аумағында орналасқан АҚШ әскери нысандарына зымыранмен шабуыл жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы бұл соққыны АҚШ-тың Ларак аралына жасаған шабуылына жауап ретінде сипаттады.
Бұған дейін америкалық әскерилер аралдағы зымыран ұшыру қондырғыларын нысанаға алған. АҚШ Орталық қолбасшылығының мәліметінше, аталған нысандар Ормұз бұғазына теңіз миналарын орналастыру үшін пайдаланылуы мүмкін болған.
Бұл шілде айының соңынан бері Иран аумағына бағытталған алғашқы шабуыл ретінде аталып отыр.
АҚШ пен Иран арасындағы әскери текетірестің күшеюі мұнай нарығына да әсер етті. Brent маркалы мұнай бағасы шамамен 2 пайызға өсіп, баррелі 90 долларға жетті. Ал WTI маркалы мұнай 85 долларға дейін қымбаттады.
Сарапшылар жағдай одан әрі ушыққан жағдайда мұнай нарығына түсетін қысым күшейуі мүмкін екенін айтады.
Негізгі қауіп Ормұз бұғазындағы ахуалмен байланысты. Соңғы мәлімет бойынша, бір тәуліктің ішінде бұл стратегиялық су жолы арқылы небәрі бес кеме өткен.