15 қыркүйектен бастап Қытайда елге кіру және одан шығу тәртібіне қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Осыған байланысты қазақстандық FlyArystan әуе компаниясы жолаушыларға әуежайға алдын ала келуге кеңес береді, деп Arasha.kz тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Әуе компаниясының мәліметінше, жаңа ережелерге байланысты иммиграциялық бақылау кезінде құжаттарды тексеру уақыты ұзарып кетуі мүмкін. Сондықтан Қытайға ұшатын немесе елден шығатын жолаушылар сапарға қажетті құжаттарының, соның ішінде төлқұжатының жарамдылық мерзімін алдын ала тексеруі керек.
FlyArystan жолаушыларға ұшу уақытынан кемінде үш сағат бұрын әуежайға келіп, паспорттық және иммиграциялық бақылаудан өтуге қосымша уақыт қарастыруды ұсынады.
Жаңа талаптар Қытай Мемлекеттік кеңесінің 31 шілдеде қабылдаған «Елге кіру және елден шығуды басқару туралы ережеге» енгізілген өзгерістерге байланысты енгізіліп отыр. Қытай билігінің мәліметінше, жаңартылған тәртіп иммиграциялық бақылауды реттеуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға және ұлттық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.
Құжатқа сәйкес, визаны рәсімдеу немесе шекаралық бақылаудан өту кезінде жалған мәлімет берген шетел азаматтарына Қытайға кіруге бір жылдан бес жылға дейін тыйым салынуы мүмкін.