Қазақстанда кітапхана саласын дамытуға және оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған жаңа бастамалар қолға алынды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Қазақстан Кітапханалар Одағы сала мамандарына арналған ақпараттық порталды іске қосты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жаңа платформада кітапхана ісіне қатысты заңнамалық және нормативтік құжаттар, әдістемелік және білім беру материалдары, салалық басылымдар мен отандық баспалар туралы ақпарат жинақталған. Сондай-ақ мамандардың тәжірибе алмасуына арналған форум жұмыс істейді.
Порталдағы «Зерделі ұлт» бағыты кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, кітапханалардың қоғамдағы маңызын арттыруға және ұлттық зияткерлік құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Бұл бастамалар кітапхана саласында маңызды өзгерістер қолға алынып жатқан кезеңде жүзеге асырылуда. Қазір «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасы талқыланып, библиографиялық сипаттаудың халықаралық стандарттарын енгізу және электрондық құжаттарды есепке алу тетіктерін әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар кітапхана қызметінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын қолдануға басымдық берілуде.
Оқу мәдениетін дамыту бағытындағы жұмыстар халықаралық деңгейде де жалғасып келеді. Биыл қазақстандық кітаптар басылымы Минск қаласында өткен XXIII халықаралық «Кітап өнері – 2026» байқауында тоғыз жүлделі орынға ие болды.
Қазақстан Кітапханалар Одағының ақпараттық порталы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Пайдаланушылар қажетті ақпаратты іздеу жүйесі мен тақырыптық сүзгілер арқылы таба алады.