Қазақстанда қыркүйек айының қазақша жазылуына қатысты пікірталас екінші апта қатарынан жалғасып жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары ай атауын «қыркүйек» деп жазу керек пе, әлде «қыргүйек» нұсқасы дұрыс па деген мәселені талқылауда. Ғылым және жоғары білім министрлігі екі нұсқаның қайдан шыққанын түсіндірді, деп Arasha.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Даудың себебі неде?
Даудың өршуіне мектептердегі жазу үлгісі себеп болған. Ата-аналар мен оқушылар кейбір оқу құралдары мен дәптерлерде бұрыннан қалыптасқан «қыркүйек» сөзінің «қыргүйек» деп түзетіле бастағанын байқаған.
Осыдан кейін ата-аналар жаңа нұсқаның қайдан пайда болғанын және мектептерде не себепті осы жазылымды қолдану талап етілетінін сұрай бастаған. Әлеуметтік желіде бұл мәселеге қатысты түрлі пікірлер айтылып, тіпті әзілге айналған мысалдар да тарады. Қолданушылар осы үлгімен басқа ай атаулары да өзгеруі мүмкін екенін қалжыңдап жазды.
Қай нұсқа дұрыс?
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, «қыргүйек» нұсқасы 2013 жылы жарық көрген қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде бар.
Алайда бұл нұсқаның сөздікте кездесуі 2026 жылы министрлік жаңа ереже енгізіп, «қыркүйек» сөзін ресми түрде «қыргүйек» деп өзгерткенін білдірмейді.
Министрлік мұндай өзгеріс енгізу үшін алдымен қазақ тілінің орфографиялық ережелеріне тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізілуі керегін атап өтті. Ал орфография ережелерін Республикалық орфографиялық комиссия бекітеді. Қазіргі уақытта бұл ережелерге «қыркүйек» сөзінің жазылуына қатысты ресми өзгеріс енгізілмеген.
Сондықтан қолданыстағы орфографиялық ережелер өзгермейінше, «қыркүйек» нұсқасы ресми қолданыста қала береді. Егер ережеге өзгеріс енгізілсе, сөздің жазылуы да соған сәйкес жаңартылады.
Оқу-ағарту министрлігі не дейді?
Бұл мәселеге бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да пікір білдірген. 8 қыркүйектегі брифингте министрлік «қыргүйек» нұсқасына қатысты жаңа ереже енгізбегенін айтты.
Министрдің сөзінше, бұл сөздің жазылуына қатысты пікірталас тіл мамандары арасында 1980-жылдардан бері талқыланып келеді.
Жұлдыз Сүлейменова өзі «қыркүйек» сөзін «к» әрпімен жазатынын атап өтті. Оның айтуынша, өзі де осы нұсқаны қолданып үйренген. Сонымен қатар министр қазіргі таңда екі нұсқаның бірін қате деп тануға болмайтынын айтты.