Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

«Әйтпесе бұл жұмыспен басқа адамдар айналысады» – Бектенов «ҚазАвтоЖол» басшысына ескерту жасады

«Әйтпесе бұл жұмыспен басқа адамдар айналысады» – Бектенов «ҚазАвтоЖол» басшысына ескерту жасады
Фото: Үкімет

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайына байланысты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының жұмысын сынға алды. Бұл ескерту 22 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында айтылды, деп хабардайды Arasha.kz  «Ақ Жайыққа» сілтеме жасап. 

Үкімет басшысы компания басшысының баяндамасы шешімін күткен барлық мәселені қамтымағанын атап өтті.

«Баяндама жақсы, бірақ сіз айтпаған, шешуді қажет ететін проблемалық мәселелер әлі де көп. Президент көрсеткен барлық кемшілік сіздердің жұмыстарыңызға да тікелей қатысты. Жолдардың сапасына көңіл толмайды, жағдайды түзету керек. Түзетіңіздер. Әйтпесе бұл жұмыспен басқа адамдар айналысады», – деді Бектенов.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бірқатар өңірде жолдардың жағдайына байланысты апатты ахуал нашарлаған. 

Олардың қатарында Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары, Абай және Жетісу облыстары, сондай-ақ Астана мен Шымкент бар.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов жолдардың талапқа сай күтілмеуіне байланысты әкімдер мен «ҚазАвтоЖол» өкілдерінің жауапкершілікке тартылғанын айтты.

«Жауапкершілікке 5 мың лауазымды тұлға тартылды. Оның ішінде 487 аудан және ауыл әкімі, сондай-ақ «ҚазАвтоЖолдың» 345 филиал басшысы бар. Бұдан бөлек, жолдарды тиісті деңгейде күтпеу фактілері бойынша төрт қылмыстық іс тергеліп жатыр», – деді Саденов.

Министрдің айтуынша, жолдарда мәселе анықталған кезде жауапты тұлғалар оның себебін көбіне қаржының жеткіліксіздігімен түсіндіреді. Алдағы уақытта жауапкершілік мәселесін облыс басшылығы деңгейінде қарау жоспарланып отыр.