Астанада егізге жүкті болған әйел жүктіліктің алтыншы айында бір сәбиінен айырылған. Отбасының айтуынша, дәрігерлер ұрықтың шетінеуіне қарамастан жүктілікті жалғастыруға болатынын айтқан, деп хабарлайды Arasha.kz.
Алайда бірнеше аптадан кейін әйелдің ішінің терісі алдымен күрең, кейін көкшіл түске өзгерген. Туыстары дәрігерлерге бірнеше рет хабарлағанымен, олардың сөзінше, әйелге бірден шұғыл операция жасалмаған.
Отбасының айтуынша, әйелдің жағдайы үш күн бойы ауыр болған. Кейін «109» қызметіне шағым түсіп, дәрігер шақырылған. Осыдан соң әйелге кесарь тілігі жасалған.
Жүктіліктің 31-аптасында салмағы 1 келі 600 грамм болып дүниеге келген екінші сәби алғашқы кезде өздігінен тыныс алып, жылаған. Алайда бір күннен кейін сепсис салдарынан шетінеген.
Оқиғадан кейін отбасы перинаталдық орталық дәрігерлерінің әрекетіне шағымданып, Денсаулық сақтау министрлігінен медициналық мекемеде тексеру жүргізуді сұраған.
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайды бақылауға алғанын мәлімдеді.