Оңтүстік Корея астанасы Сеулде құрылыс алаңында Қазақстан азаматы қаза тапты. Бұл ақпаратты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Министрліктің мәліметінше, қазақстандық азамат құрылыс нысанында болған жазатайым оқиға салдарынан көз жұмған.
«Қазіргі уақытта Корея Республикасының құзырлы органдары оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тергеу жұмыстарын бастап кетті. Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр», – делінген СІМ хабарламасында.
Оңтүстік Кореялық БАҚ-тың жазуынша, оқиға 29 қыркүйекте болған. Қазақстан азаматы салынып жатқан ғимараттың 23-қабатында жұмыс істеп жүрген кезде бетон төбенің бір бөлігі опырылып түскен.
Оқиғадан кейін Оңтүстік Кореяның еңбек саласына жауапты органы құрылыс алаңындағы жұмыстарды тоқтатқан.