Алматыда ерекше балаларды оқытатын мектепте бір топ бала тегін білім алудан қағылуы мүмкін

Бүгін, 14:40 / Альфия Адамбек
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Алматыда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар оқитын мектептің ата-аналары дабыл қақты. Олардың айтуынша, қаржыландыру тәртібіндегі өзгерістерге байланысты «Педагог академиясы» мамандандырылған мектебінде оқитын балалардың бір бөлігі тегін білім алу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін. Ата-аналар қаржыландырудың қысқаруы ықтимал екенін айтып, қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарынан көмек сұрады.  Arasha.kz тілшісі жағдайдың мән-жайын біліп қайтты. 

Жиналған бір топ ата-ана ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың мамандандырылған мектепте білім алғанын қалайды. Олардың арасында аутизмі, психикалық және сөйлеу дамуы тежелген (ЗПР) және басқа да ерекшеліктері бар, арнайы жағдайларды қажет ететін балалар бар. Балалары үзбей баратын инклюзивті түзету мектебі осы уақытқа дейін тегін жұмыс істеп келген. 

«Балаларды қарапайым мектепке алып бара алмаймыз. Оларды 2 аптадан кейін оқудан шығарып жібереді. Олар кәдімгі мектепте оқи алмайды. Сабақ үстінде айқайлайды, 45 минут отыра алмайды», - дейді ата-аналардың бірі. 


Перзентінің қоғаммен араласып, арнайы мектепке баруын қалаған ата-аналар Алматы қаласы білім басқармасына өз уәждерін айтты. Тіпті кейбір ата-ана перзенті үшін басқа қалалардан көшіп келгенін алға тартты. 

«Балалар жап-жақсы осы мектепке барып жүрді. «Мектепке кешігеміз» деп асығады. Осы жерде жаттығу жасайды, билейді, ойнайды, сабақ өтеді. Балаларға ұнайды. Ата-аналарға да. Енді келіп мектептен шығуға тура келіп қалды», - деді тағы бір ата-ана. 


«Педагог академиясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрғалиев Нұрым не жағдай болғанын түсіндірді. Оның айтуынша,  санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыға сәйкес, нысан 60 орынға ғана есептелген екен. 

«Олар үйде оқитын балаларды жобалық қуатқа (проектный мочность) кіргізіп тұр. Мектептен бөлек, тағы екі орталықты үйде оқитын балалар келіп оқуы үшін бердім. Бұл оқушыларды жобалық қуатқа байланысты 60-қа азайту керегін айтып отыр. Бірақ жобалық қуатқа күні бойы партада отыратын балалар кіреді. Онсызда 56 бала түзету сыныптарында оқиды. Олар күнделікті келіп мектептің партасында отыратын балалар. Қалған 210-нан астам бала заң жүзінде үйде оқуға кеңес берілген. Бірақ көп ата-ананың үйде уақыты болмағандықтан, жаттығу жасайтын үлкен залы, жабдықтары, балаға арналған жағдайы болмағандықтан  мен мектептен бөлек 2 ғимаратты бердім. Сол жерге келіп оқуға мүмкіндік беріп жатырмын. Енді білім басқармасы үйде оқуға кеңес берілген балалар мектептің жобалық қуаты құрамына кіреді деп тұр. Бұл ешбір заңда жазылмаған. Балалар 3,5 жыл дәл осылай оқып келді. Біздің мектеп ата-анадан қаражат алмайтын жалғыз жеке мектеп. Мен қалған 70 мұғалімге қалай айлық төлеймін. Білім басқармасы «рұқсат берілген 60 балаға ғана қаражат береміз, мүмкіндік болса 120-ға көбейтіп береміз. Қалған балаларды ақылы оқытыңдар немесе мемлекеттік мектептерге оқыту керек» деп отыр. Үйде отырған бала жобалық қуат құрамына кіретінін заң жүзінде дәлелдеп берсе, мен мойындаймын. Мен үйде оқитын балаға жағдай жасап беріп отырмын. Бассейн бар, арнайы мамандар бар. Заңда үйде оқитын балалар жобалық қуат құрамына кіреді деп те, кірмейді деп те жазылмаған», - дейді ол. 


 


Нұрым Нұрғалиевтің сөзінше, білім басқармасы мектептен бөлек ашылған 2 нысанға санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды керек деп отыр. 

«Оны алуға 1 жыл уақыт кетуі мүмкін. Біріншіден нысандар орналасқан жердің нысаналы атауын «мектеп» деп ауыстыру керек. Бізде дәл осындай жағдай көктемде де болды. Мен өз қалтамнан ақша шығарып өзімнің жерімді жеке тұрғын үй құрылысынан (ИЖС) «мектеп» деп өзгерткенбіз», - деді Нұрым Нұрғалиев. 


Алматы қаласы Білім басқармасының мәліметінше, «Педагог академиясы» қоғамдық ұйымын қаржыландыру мәселесі 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі өтінімді қарау нәтижесіне байланысты туындаған. Ұйымнан Ұлттық білім беру деректер қорына 268 оқушы тіркелген. Жоғарыда айтқандай, оның ішінде 56 бала түзету сыныптарында білім алса, 212 оқушы үйде оқитындар ретінде көрсетілген. Сонымен қатар, қолданыстағы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыға сәйкес, нысан 60 орынға ғана есептелген. Сондықтан Білім басқармасындағылар бұл жерде 200-ден астам оқушының білім алуына болмайтынын айтты. 

«Бюджет қаражаты заңнама талаптарына сәйкес жұмсалады. Осыған байланысты Білім басқармасы оқушылар контингентін қалыптастыруға бастамашылық етеді. Балалар оқытусыз қалмайды. Үш шақырым радиуста орналасқан мемлекеттік мектептерде 705 бос оқушы орны бар. Басқарма әр баланың тұрғылықты жерін, оқу тілін және жеке білім беру қажеттіліктерін ескере отырып, әрі қарай қай мектепте білім алатынын пысықтауға дайын», - деді Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубайұлы. 

Ол ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға айрықша назар аударылатынын және мемлекет қаржысы заң жүзінде ғана тиісті орынға жұмсалатынын алға тартты.

Білім басқармасындағылардың жауабына қанағаттанбаған ата-ана баласының дамуына алаңдап,  Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға үндеу жасады. 

«Біз Педагог акадеиясы қоғамдық бірлестігіндегі ата-аналар үйде оқуға кеңес берілген оқушылардың мектептің жобалық қуаттылығына кірмейтінін мойындауларыңызды сұраймыз», - деді бір топ ата-ана. 

Баласының дамуына алаңдаған олар бар үмітін министрге артты. Балалардың болашағына бей-жай қарамауын сұрады. 
 

Тэгтер:

алматы оқушы мектеп нысан Педагог акадеиясы