Алматыда қолы байланған күйде көшеге қашып шығып, жұрттан көмек сұраған әйелдің видеосы әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Кадрлардан әйелдің жалаңаяқ жүргенін және қолының бинтпен байланғанын көруге болады. Видео авторының мәліметінше, әйелге өз ұлы күш көрсеткен. Ол анасының «отбасылық өміріне араласқанына» ашуланып, оны ұрып-соғып, кейін қолын байлап қойған делінеді.
Оқиғаға қатысты Алматы полициясы тексеру жүргізіп жатыр. Құқық қорғау органдары әйелдің жеке басын анықтап, одан түсініктеме алған.
Полиция мәліметінше, бұған дейін бұл жағдайға байланысты ешқандай арыз түспеген. Қазір оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр.