Батыс Қазақстан облысында ауыр жағдайда өмір сүрген 10 жастағы баланың тағдыры белгілі болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мәліметке сәйкес, бала осы уақытқа дейін мектеп табалдырығын аттамаған. Ол оқу мен жазуды да білмеген. Күнделікті тамағы мен киімін қоқыс үйінділерінен тауып, қараусыз қалған үйде анасымен бірге тұрып келген.
Баланың анасы ішімдікке салынғаны айтылады. Осыған байланысты кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия баланы отбасынан уақытша алып, үш ай мерзімге мұқтаж балаларды қолдау орталығына орналастырған.
Кейін кәмелетке толмаған бала отбасылық үлгідегі балалар ауылына қамқорлыққа берілген. Осы уақыт аралығында анасы баласын бір рет те іздеп келмегені хабарланды.
Іс сотқа жетіп, нәтижесінде әйел ата-ана құқығынан айырылды. Сондай-ақ баланың өзі де анасына қайта оралғысы келмейтінін білдірген.
Сот шешімімен анадан кәмелетке толмаған баланы асырауға алимент өндіру белгіленді.