Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әдебиет

2026 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығы Энн Карсонға берілді

2026 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығы Энн Карсонға берілді
Энн Карсон. Фото: Craig Barritt/Getty Images for The Shed

2026 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы канадалық ақын, жазушы және аудармашы Энн Карсонға берілді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Швед академиясы лауреаттың есімін 8 қазанда Стокгольмде жариялады. Академия Карсонды классикалық әдебиет дәстүрін заманауи формада қайта пайымдап, поэзия, проза мен аударма арасындағы шекараны кеңейткені үшін атап өтті.

Энн Карсон 1950 жылы Торонто қаласында дүниеге келген. Ол ақын, эссеист, аудармашы және ежелгі грек әдебиетін зерттеуші ретінде танымал.

Оның шығармалары поэзия, проза, эссе және драмалық формаларды тоғыстыруымен ерекшеленеді. Карсон ежелгі мифтерді қазіргі адамның сезімі, жалғыздық, махаббат пен жоғалту тақырыптарымен ұштастырады.

Жазушының ең танымал еңбектерінің бірі – 1998 жылы жарық көрген «Autobiography of Red». Бұл шығармада ежелгі грек мифологиясындағы Герион бейнесі қазіргі заман контексінде қайта интерпретацияланған.

Энн Карсон бұған дейін де бірқатар беделді әдеби марапаттарға ие болған. Оның шығармалары әлемнің көптеген тіліне аударылған.

2026 жылғы Нобель сыйлығының ақшалай көлемі 12 млн швед кронасын, шамамен 1,2 млн долларды құрайды. Марапаттау рәсімі дәстүрлі түрде 10 желтоқсанда Стокгольмде өтеді.