Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

Зеленский Украинада сайлау өткізу үшін 60 күндік бітім қажет екенін айтты

Зеленский Украинада сайлау өткізу үшін 60 күндік бітім қажет екенін айтты
Владимир Зеленский. Фото: t.me/V_Zelenskiy_official

Украина президенті Владимир Зеленский елде президент сайлауын өткізу үшін Ресеймен арадағы соғыс қимылдары кемінде 60 күнге толық тоқтатылуы тиіс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ол бұл туралы америкалық ABC News телеарнасына берген сұхбатында айтты. Зеленскийдің сөзінше, Украинада сайлау ұйымдастыру үшін ең алдымен қауіпсіздік жағдайын қамтамасыз ету қажет.

"Мен президент Трамп пен оның командасына бірнеше рет айттым: егер ол сайлау арқылы қандай да бір өзгеріс болғанын қаласа, Путинге екі ай, яғни 60 күн толық бітім беруді айтсын. Сонда біз сайлау ұйымдастырамыз. Әрине, біз халқымыздың, яғни Украина халқының кез келген таңдауын қабылдауға дайынбыз", – деді Зеленский.

Украина басшысы қазіргі әскери жағдай кезінде сайлау өткізу заңмен шектелетінін де атап өтті. Оның айтуынша, дауыс беру үшін қауіпсіз инфрақұрылым құрып, азаматтардың еркін таңдау жасауына мүмкіндік беру керек.

"Ең бастысы – қауіпсіз инфрақұрылым қалыптастырып, адамдардың дауыс беруіне жағдай жасау. Қашан, қалай және кімге дауыс беретінін украин халқы өзі шешеді", – деді ол.

Бұл мәлімдеме АҚШ президенті Дональд Трамптың Украина басшылығына қатысты сынынан кейін айтылды. 10 қазанда Трамп Украинаға Ресеймен келісімге келе алатын жаңа президент қажет деген пікір білдірген.

Трамп бұған қоса Украина тарапынан Ресейдің энергетикалық нысандарына жасалып жатқан соққыларды сынға алған. Оның мәлімдемесіне жауап ретінде Зеленский Украина Ресей энергетикасына шабуылды Ресей де украин энергетикалық инфрақұрылымына соққыны тоқтатқан жағдайда ғана доғаруға дайын екенін айтқан.

Украинада президент сайлауы неге өтпей жатыр?

Украинада 2022 жылдан бері әскери жағдай режимі әрекет етеді. Осы режим кезінде ұлттық деңгейдегі сайлау өткізуге құқықтық шектеулер бар.

Зеленскийдің бес жылдық президенттік мерзімі 2024 жылғы 20 мамырда аяқталуы тиіс еді. Алайда соғыс пен әскери жағдайға байланысты кезекті президент сайлауы ұйымдастырылған жоқ.

Ресей тарапы осыны Зеленскийдің легитимділігіне күмән келтіру үшін пайдаланып келеді. Киев болса, соғыс жүріп жатқан жағдайда сайлау өткізу үшін алдымен қауіпсіздік пен заңнамалық негіз қажет екенін алға тартады.