Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

Өлім жазасынан кейін аман қалған әйел ауруханадан шығып, түрмеге оралды

Өлім жазасынан кейін аман қалған әйел ауруханадан шығып, түрмеге оралды
Түрме. Көрнекі фото: Photo by Sam Scholes/Getty Images

АҚШ-тың Теннесси штатында өлім жазасын орындау әрекетінен аман қалған 50 жастағы Криста Пайк ауруханадан шығарылып, қайтадан түрмеге жеткізілді. Бұл туралы оның адвокаттары хабарлады, деп жазады Arasha.kz.

Криста Пайк соңғы 30 жыл бойы жазасын өтеп келген Дебра К. Джонсон атындағы әйелдер түзеу орталығына қайтарылған. Заңгерлерінің айтуынша, оған түрмеде медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

"Ол осындай ерекше жағдайда көмек көрсеткен жедел қызмет мамандары мен медицина қызметкерлеріне алғыс білдіреді. Қазір де түрмеде медициналық көмек алып жатыр, біз оның сауығу барысын бақылауды жалғастырамыз", – делінген адвокаттарының мәлімдемесінде.

Криста Пайк 1995 жылы сыныптасы Коллин Слеммерді өлтіргені үшін өлім жазасына кесілген. Қылмыс жасалған кезде ол 18 жаста болған.

Оны өлім жазасына кесу рәсімі 2026 жылғы 30 қыркүйекте жүргізілді. Алайда процедура барысында Пайкқа пентобарбитал препаратының екі дозасы енгізілгеннен кейін де өлім тіркелмеген. Ол ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, біраз уақыт жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Кейін есін жиып, жағдайы біртіндеп жақсарған.

Медицина мамандарының алдын ала болжамдарының бірі бойынша, препараттың бір бөлігі көктамырға емес, тіндерге түсуі мүмкін. Алайда Теннесси билігі рәсімнің не себепті сәтсіз аяқталғаны туралы түпкілікті қорытынды жариялаған жоқ.

Оқиғадан кейін Теннесси губернаторы Билл Ли штаттағы өлім жазаларын уақытша тоқтатып, тәуелсіз тексеру жүргізуді тапсырды.

Криста Пайкты қайтадан өлім жазасына кесу әрекеті жасала ма, әзірге белгісіз. Оның адвокаттары мұндай екінші әрекеттің заңдылығына қатысты сотта дау туындауы мүмкін екенін мәлімдеп отыр.

Бөлісу