Актерлер Дариға Бадықова мен Олжас Абай бірнеше жыл бойы перзент сүйе алмай жүрген оралдық отбасыға қолдау көрсеткен. Бұл туралы журналист Ләйлә Сұлтанқызы мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Журналистің айтуынша, өнер иелері Mariyam қорының демеушілері ретінде ерлі-зайыптының ата-ана атануына көмектескен. Жұп бұған дейін бірнеше рет ЭКО жасатып, сәтсіздікке ұшыраған. Кейін қордың қолдауымен көптен күткен сәбиін бауырына басқан.
«Біреудің қолдауы бір отбасының өмірін өзгертіп, үлкен арманын ақиқатқа айналдыруы мүмкін», — деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.
Алайда журналистің жазбасындағы «Олжас пен Дариғаның бөпесі» деген сөзді кейбір оқырман актерлердің өздері балалы болды деп түсінген. Сұлтанқызы сол жазбасында олардың сәбилі болған отбасыға демеуші ретінде қолдау көрсеткенін түсіндірген.
Оның мәліметінше, сәбидің қырқынан шығарылғанына бір ай толған. Бірнеше жыл бала күткен ерлі-зайыпты бүгінде ата-ана атанып, сәбиін тәрбиелеп отыр.