Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Саясат

Құрылтай 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Құрылтай 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Ақша, теңге. Көрнекі фото: pixabay.com

Құрылтай депутаттары «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Құжат алдағы үш жылдағы негізгі қаржылық басымдықтарды айқындайды. Оның ішінде макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, әлеуметтік міндеттемелерді орындау, инфрақұрылымды дамыту және Ұлттық қорға түсетін салмақты біртіндеп азайту көзделген.

Үкіметтің ресми болжамы бойынша, 2027–2029 жылдары Қазақстан экономикасының орташа жылдық нақты өсімі 5%-дан жоғары болады. 2027 жылы ЖІӨ өсімі 5,3%, 2028 жылы 5,5%, ал 2029 жылы 5,4% деңгейінде болжанып отыр.

Инфляция 2029 жылға қарай төмендеуі тиіс

2027 жылы инфляция 7,5-9,5% дәлізінде болады деп күтіледі. Ал 2028-2029 жылдары бұл көрсеткішті 6–8% деңгейіне дейін төмендету жоспарланған.

Сонымен қатар бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен азайту көзделіп отыр. 2027 жылы тапшылық ЖІӨ-нің 2,3%-ы деңгейінде болса, 2029 жылы оны 0,4%-ға дейін түсіру жоспарланған.

2027 жылы бюджет шығысы 30,2 трлн теңге болады

Жоба бойынша, 2027 жылы республикалық бюджеттің трансферттерді есептемегендегі кірісі 19,9 трлн теңгені құрайды.

2028 жылы бұл көрсеткіш 21,7 трлн теңгеге, ал 2029 жылы 23,4 трлн теңгеге дейін өсуі мүмкін.

2027 жылғы республикалық бюджет шығыстары 30,2 трлн теңге көлемінде жоспарланған. 2028 жылы шығыс 29,4 трлн теңге, 2029 жылы 29,6 трлн теңге болады деп болжанған.

Ұлттық қордан алынатын қаржы азаяды

Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт 2027 және 2028 жылдары 2,4 трлн теңге көлемінде белгіленген.

2029 жылы оны 2 трлн теңгеге дейін азайту жоспарланып отыр.

Сонымен бірге маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін 2027 жылы Ұлттық қордан 2 трлн теңге нысаналы трансферт алу қарастырылған. 2028-2029 жылдары бұл көлем жылына 1,5 трлн теңгеге дейін төмендеуі мүмкін.

Әлеуметтік салаға 10 трлн теңгеден астам қарастырылған

2027 жылы әлеуметтік салаға 10,5 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл республикалық бюджет шығыстарының шамамен 35%-ын құрайды.

Қаражат әлеуметтік төлемдерге, білім беру, денсаулық сақтау және адами капиталды дамытуға жұмсалады.

Нақты секторды қолдауға шамамен 3,8 трлн теңге қарастырылған. Бұл қаражат көлік инфрақұрылымын, ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті және ірі инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға бағытталмақ.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар бюджет кірістерін арттыру, мемлекеттік борышты бақылау, шығыстардың тиімділігін көтеру және Ұлттық қор трансферттеріне тәуелділікті азайту мәселелеріне назар аударды.