Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

Мирзиёевтің күйеу баласының Дубайда 7 млн долларлық 13 пәтері бар екені анықталды

Мирзиёевтің күйеу баласының Дубайда 7 млн долларлық 13 пәтері бар екені анықталды
Отабек Умаров. Фото: instagram.com/otabek_muhammadalievich

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің күйеу баласы Отабек Умаровқа қатысты журналистік зерттеу жарияланды. OCCRP мен "Радио Озодлик" мәліметінше, ол Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтығын алып, Дубайда миллиондаған доллар тұратын жылжымайтын мүлікке иелік еткен, деп хабарлайды Arasha.kz.

Зерттеуші журналистер қол жеткізген құжаттарға сәйкес, Отабек Умаров 2023 жылдың сәуірінде БАӘ азаматтығын алған. Сол уақытта ол Өзбекстан президентінің қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары лауазымын атқарған.

OCCRP дерегінше, Өзбекстан заңнамасы мұндай қызметтегі әскери қызметшілердің өзге мемлекеттің азаматтығын алуына тыйым салады. Соған қарамастан Умаров шетелдік паспорт алғаннан кейін де шамамен бір жарым жыл қызметін жалғастырып, 2024 жылдың қарашасында ғана лауазымынан кеткен.

Дубайда 13 пәтері бар

Журналистер Дубайдың жылжымайтын мүлік реестрін зерттеп, Умаровтың атына жалпы құны шамамен 7 миллион доллар болатын 13 пәтер тіркелгенін анықтаған.

Олардың 11-і Madinat Jumeirah Living ауданындағы Jadeel тұрғын үй кешенінде орналасқан. Қалған екі пәтер Downtown Dubai ауданындағы Fountain Views мұнараларында, әлемге әйгілі Бурдж-Халифа ғимаратының маңында орналасқан.

Зерттеу авторларының мәліметінше, бұл пәтерлер бұрын Отабектің інісі Ойбек Умаровқа тиесілі болған. Ал 2025 жылы барлық 13 жылжымайтын мүлік Отабек Умаровтың атына рәсімделген.

Алайда журналистер пәтерлердің сатылғанын немесе сыйға берілгенін анықтай алмаған.

Отабек Умаров кім?

Отабек Умаров – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің кенже қызы Шахноза Мирзиёеваның жұбайы.

Ол ұзақ жыл бойы президенттің қауіпсіздік қызметінде жоғары лауазым атқарған. 2024 жылдың қарашасында қызметінен кетіп, Өзбекстан Ұлттық олимпиада комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалған.

Сондай-ақ Умаров Азия Олимпиада кеңесінің Орталық Азия бойынша вице-президенті және Өзбекстан дзюдо федерациясының басшысы ретінде белгілі.

OCCRP зерттеуінде Өзбекстанда мемлекеттік қызметкерлердің табысы туралы декларациялар қоғамға ашық жарияланбайтыны атап өтілген. Сондықтан журналистер Умаровтың шетелдегі мүліктерін оның атына тіркелген ірі активтердің бірі ретінде сипаттайды.

Зерттеу авторлары Отабек Умаровқа, оның інісіне және Өзбекстан президентінің әкімшілігіне түсініктеме сұрап жүгінген. Алайда материал жарық көргенге дейін олардан жауап алынбаған.