Танымал әнші Қайрат Нұртас Қызылорда қаласында өтетін концертінің басқа күнге ауыстырылғанын хабарлады. Өнер иесі бұл туралы Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Әншінің айтуынша, бастапқыда 18 қазанға жоспарланған концерт енді 20 қазанда өтеді. Бұған дейін билет сатып алған көрермендерге оны қайта ауыстырудың қажеті жоқ.
"18 қазанға жоспарланған концертіміз 20 қазанға ауыстырылды. Бұған дейін сатып алынған билеттердің барлығы жарамды. Түсіністік танытқандарыңызға рақмет", – деп жазды Қайрат Нұртас.
Әзірге концерттің кейінге шегерілу себебі айтылған жоқ.
Еске салайық, 10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда Қайрат Нұртастың концерті өткен болатын.
Аталған шара кезінде көрермендердің шамадан тыс көп жиналуынан адамдар арасында кептеліс туындаған. Салдарынан 18 жастағы бойжеткен зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген. Құзырлы органдар сол кезде оның жағдайы ауыр екенін хабарлаған.