Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

Кенияда Эбола вирусы таралып жатыр: Науқастар саны жеті адамға жетті

Кенияда Эбола вирусы таралып жатыр: Науқастар саны жеті адамға жетті
Фото: REUTERS/Gradel Muyisa Mumbere

Кенияда Эбола вирусын жұқтырған тағы төрт адам анықталды. Осылайша, елде қауіпті инфекцияға шалдыққандардың жалпы саны жетіге жетті. Науқастардың арасында медицина қызметкерлері де бар, деп хабарлайды Arasha.kz.

Кения Денсаулық сақтау министрлігінің 17 қазанда жариялаған мәліметіне сәйкес, жаңадан тіркелген төрт науқасқа Эбола вирусының Бундибугио түрі жұққан.

Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі бас директор Патрик Амоттың айтуынша, олардың бірі – бұған дейін Эболадан қайтыс болған алғашқы науқастың жақын туысы. Қалған үшеуі сол адамға ауруханада медициналық көмек көрсеткен қызметкерлер.

Бұл жағдайлар Кения аумағында вирустың адамнан адамға берілуі тіркелгенін көрсетеді.

Алғашқы науқас қайтыс болған

Бұған дейін Кенияда Эбола инфекциясын жұқтырған бір адамның көз жұмғаны хабарланған еді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, алғашқы науқас Конго Демократиялық Республикасынан Уганда арқылы Кенияға келген. Ол 5 қазанда ауруханада қайтыс болған.

Осы жағдайдан кейін елдің денсаулық сақтау органдары инфекция жұқтырған адаммен байланыста болған азаматтарды анықтауға кірісті.

Эболаға қарсы шаралар күшейтілді

Қазір Кения билігі індеттің одан әрі таралуына жол бермеу үшін эпидемиологиялық бақылауды күшейтіп жатыр.

Науқастармен байланыста болған адамдар оқшауланып, медициналық бақылауға алынуда. Сондай-ақ әуежайлар мен шекаралық өткізу бекеттерінде тексеру шаралары жүргізіліп жатыр.

Эбола – адам өміріне қауіп төндіретін вирустық инфекция. Ол ауру адамның қаны немесе өзге де биологиялық сұйықтықтарымен тікелей жанасу арқылы жұғуы мүмкін.

Айта кетейік, Кениямен шекаралас аймақта орналасқан Конго Демократиялық Республикасында Эбола індетінің ауқымды өршуі жалғасып жатыр. Осыған байланысты көршілес елдер де инфекцияның таралуына қарсы сақтық шараларын қабылдауда.

Бөлісу