Қазақстандағы ақбөкен санының өсуі – табиғатты қорғау жолындағы маңызды жетістік. Құрылтайдағы “Әділет” партиясы фракциясының жетекшісі Ербол Адаев өз жазбасында осындай пікір білдіріп, киік популяциясын сақтаудың экологиялық және тарихи маңызына тоқталды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның келтірген дерегінше, еліміздегі ақбөкен саны 4,7 миллион басқа жеткен. Ал 2003 жылы Қазақстанда небәрі 21 мың киік қалған еді. Адаев бүгінде әлемдік киік популяциясының 98 пайыздан астамы Қазақстан аумағында мекендейтінін атап өтті.
“Киік – Ұлы Даланың бойтұмары, біздің тірлігіміз бен тарихымыздың тірі куәсі емес пе? Жойылып кету алдында тұрған теңдессіз асыл қазынамызды сақтап қалу – бабалар аманатына адалдық”, – деп жазды ол.
Фракция жетекшісі ақбөкенді даланың табиғи тепе-теңдігін сақтауда ерекше орны бар жануар ретінде сипаттады. Оның пікірінше, киіктің көбеюі бір жануар түрін қорғаумен шектелмей, тұтас дала экожүйесінің қалпына келуіне ықпал етеді.
Адаев бұл нәтижеге жетуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған табиғатты қорғау шаралары маңызды рөл атқарғанын айтты. Сондай-ақ Қазақстанның киік популяциясын қалпына келтіру тәжірибесі халықаралық деңгейде мойындалып отырғанын жеткізді.
“Бұл жай ғана статистика емес, бұл – экологиялық болсын, адами болсын жеңіс, табиғат алдындағы перзенттік парызымыздың өтелуі”, – деп атап өтті Ербол Адаев.