«Жігіттер» тобының әншісі Ердос Қанаев итін белгісіз біреу көлікпен қағып өлтіргенін айтып, әлеуметтік желіде мұңын бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Өнер иесі жануарынан айырылу өзіне ауыр тигенін жеткізді. Оның айтуынша, итін жоқтап жазба жариялағанын жұрттың бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Дегенмен көз алдында жаны қиналып өлген серігінің қазасы әншіні қатты күйзелткен.
Ердос Қанаев итінің өзіне деген адалдығын еске алып, мұндай қасиет кейде адамдардың бойынан да табыла бермейтінін жазды.
“Кейде бір ауыр ойларға шомып кеткенде, қасыма келіп: “Мен түсінем ғой, маған айтсай сырыңды” дегендей көзіме қарап тұратын”, – деді ол.
Әнші итін қаққан адамға деген өкпесін де жасырмады. Ол әлгі адамның бір күні бұл қазаның өзіне қаншалықты ауыр тигенін түсінетініне үміт білдірді.