Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Таразда есігі жоқ көлікпен көшеге шыққан жүргізуші жазаланды

Таразда есігі жоқ көлікпен көшеге шыққан жүргізуші жазаланды
Видеодан кадр: Жамбыл облыстық ПД

Тараз қаласында алдыңғы есігі жоқ Volkswagen автокөлігімен жолға шыққан жүргізуші полицияның назарына ілікті. Ер адам көлігін жөндеу орталығына жеткізбек болған, алайда бұл әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Тараз қаласындағы Төле би даңғылында болған.

Патрульдік полиция қызметкерлері көшеде қозғалып бара жатқан ерекше автокөлікті байқаған. Volkswagen маркалы көліктің жүргізуші жағындағы алдыңғы есігі мүлде болмаған. Тәртіп сақшылары көлікті тоқтатып, жүргізушіден мұндай жағдайда не себепті жолға шыққанын сұраған.

Белгілі болғандай, автокөлік ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай, бір орында тұрған. Жүргізуші оны техникалық қызмет көрсету станциясына апаруды жоспарлаған. Алайда эвакуатор шақырудың орнына көлікті өзі жүргізіп баруды ұйғарған. Осылайша, алдыңғы есігі жоқ автокөлікпен қала көшелеріне шыққан. Полиция мұндай әрекеттің жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпті екенін ескертті.

"Алайда есігі жоқ автокөлікпен жүру – сәттілікке сенетін жағдай емес. Көліктің мұндай техникалық жағдайы жүргізушінің өзіне ғана емес, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндіруі мүмкін", – делінген полиция хабарламасында.

Тәртіп сақшылары көлік жүргізушісіне қатысты әкімшілік шара қолданған.