Түркияның Ыстанбұл қаласында 35 жастағы Қырғызстан азаматы Айжибек Нургазы қызы кісі қолынан қаза тапты. Қылмысқа күдікті ретінде тағы бір қырғызстандық әйел ұсталған, деп Arasha.kz тілшісі ВВС-дің қырғыз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға 5 қараша күні Ыстанбұлдың Ақсарай ауданында болған. Қырғызстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы екі азаматтың арасында жанжал туындап, оның соңы адам өліміне әкелгенін растады. Марқұмның туған інісі Айдарбек Нургазиевтің айтуынша, әпкесі Түркияға жұмыс істеу үшін екі ай бұрын ғана қайта барған.
"Әпкем Айжибек Нургазы қызы 5 қараша күні таңертең қайтыс болыпты. Біз бұл хабарды Қырғызстан уақытымен кешкі сағат 17:00 шамасында естідік. Әпкем 35 жаста еді. Түркияға кеткеніне екі ай ғана болған. 23 тамызда өзім шығарып салған едім", – деді ол.
Туыстарының мәліметінше, Айжибек бұған дейін Түркияда он жылға жуық уақыт еңбек еткен. Кейін туған еліне оралып, бірнеше жыл Қырғызстанда тұрған. Биыл тамыз айында ол қайтадан Ыстанбұлға жұмыс істеуге аттанған.
Марқұмның інісі оқиғаның қалай болғанын да айтып берді. Оның сөзінше, әпкесі Ыстанбұлдағы "312" деп аталатын салонда жұмыс істеген. Сол мекеменің иесі оған өз пәтерінде уақытша тұруға рұқсат берген.
Қайғылы оқиға болған күні Айжибек ұйықтап жатқанда бөлмеге басқа әйел кіріп, телефонмен қатты сөйлесе бастаған. Айжибек ертеңіне жұмысқа баруы керектігін айтып, одан тыныштық сақтауын сұраған. Алайда осыдан кейін екі әйелдің арасында жанжал туындаған.
"Әпкем ертең жұмысқа баратынын айтып, ақырын сөйлеуін сұраған. Әлгі әйел бөлмеден шығып кетіп, кейін пышақпен қайта оралып, әпкемнің жүрегіне сұғыпты. Бетінен де тепкілеген. Бізде болған оқиғаның бейнежазбалары бар", – деді марқұмның інісі.
Бұл – марқұмның туысы баяндаған оқиға нұсқасы. Жанжалдың нақты қалай өрбігені мен қылмыстың мән-жайы тергеу барысында анықталады.
Қайғылы оқиғаға байланысты Қырғызстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы ресми ақпарат таратты. Дипломатиялық өкілдіктің мәліметінше, жанжалға қатысқан екі адам да Қырғызстан азаматтары болған.
"2026 жылғы 5 қарашада Ыстанбұл қаласының Ақсарай ауданында Қырғыз Республикасының екі азаматы арасында жанжал туындап, соның салдарынан 1991 жылы туған А.Н. есімді азамат пышақ жарақатынан қайтыс болды. Қылмысқа күдікті ретінде 1994 жылы туған В.С. есімді азамат ұсталды", – делінген консулдық хабарламасында.
Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қырғызстанның дипломатиялық өкілдігі аталған істі бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Түркияның құқық қорғау органдары қылмыстың нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.