Таразда TikTok желісіне видео түсіремін деп жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған 20 жастағы жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жас жігіт Lada автокөлігімен жаяу жүргіншілерге арналған тротуарда жүрген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ресми ақпараттық арнасы мәлімдеді. Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында жол қозғалысы ережесін бұзу дерегін анықтаған.
Интернетте тараған бейнежазбада Lada маркалы автокөліктің тротуармен қозғалып бара жатқаны көрсетілген. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жүргізушінің бұл әрекеті жаяу жүргіншілердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген. Тексеру барысында көлік тізгінінде Тараз қаласының 20 жастағы тұрғыны болғаны анықталды.
Жас жігіттің тротуарда көлік жүргізген сәтін қызық үшін видеоға түсіріп, кейін TikTok әлеуметтік желісіне жариялағаны белгілі болды. Аталған бейнежазба полиция қызметкерлерінің назарына ілігіп, жүргізушіге қатысты тиісті шаралар қабылданған. Жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін 20 жастағы азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.