Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Жастар, мәдениет қайраткерлері мен спортшылар: Қазақстандағы сайлау күні қалай өтуде

Жастар, мәдениет қайраткерлері мен спортшылар: Қазақстандағы сайлау күні қалай өтуде

Қазақстанда өтіп жатқан мәслихат депутаттарының сайлауына әртүрлі буын өкілдері мен түрлі маман иелері қатысуда. Таңертеңнен бастап сайлау учаскелеріне аға буын өкілдері, дауыс беру құқығына алғаш рет ие болған жастар, мәдениет пен өнер қайраткерлері, танымал спортшылар келіп, өз таңдауларын жасауда. Бірі үшін бұл – сайлауға қатысудағы алғашқы тәжірибе болса, енді бірі үшін дауыс беру – жылдар бойы қалыптасқан дәстүр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жетісу облысында 18 жастағы егіз ағайынды Семен мен Даниил Потапенко алғаш рет дауыс берді. Олар Ескелді ауданының Шымыр ауылында тұрады және Талдықорған қаласындағы заң колледжінде оқиды. Болашақ заңгерлер жергілікті өкілді орган – мәслихат депутаттарын сайлауға алғаш рет қатысып, өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланды.

Алматы облысындағы сайлау учаскелерінде ұрпақтар сабақтастығы айқын көрініс тапты. Шамалған ауылында алғашқылардың бірі болып дауыс бергендердің қатарында сайлауға қатысуды көп жылдан бері дәстүрге айналдырған ақсақалдар да бар. Солардың бірі – №465 сайлау учаскесіне келген Ерғали Тұрлығожаев.

«Көп жылдан бері сайлау учаскесі ашылмай тұрып, ертерек келуге тырысамын. Әрбір азаматтың ел өміріне араласуы қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Дауыс беруге келу – үлкен жауапкершілік деп есептеймін», – деді ақсақал.

Сайлау күніндегі тағы бір тағылымды оқиға қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың есімімен байланысты. Ақынның ұрпақтары Жамбыл ауданына қарасты Жамбыл ауылында сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады. Олардың дауыс беруге қатысуы – ұрпақтар сабақтастығының тағы бір жарқын көрінісі.

Таңертеңнен бастап сайлау учаскелеріне келгендердің қатарында отандық мәдениет саласының танымал өкілдері де аз емес. Алматы қаласындағы №624 сайлау учаскесінде ақын, ғалым, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Әділғазы Қайырбеков дауыс берді.

«Бүгін дауыс беру арқылы еліміздің болашағына қатысты таңдау жасадым. Қазақстанның өркендегенін, балаларымыздың бақуатты елде өмір сүргенін қалаймыз. Сондықтан әрбір азаматтың таңдауы маңызды деп санаймын», – деді Әділғазы Қайырбеков.

Дауыс беруге Қазақстанның атынан ірі халықаралық жарыстарда өнер көрсеткен спортшылар да қатысуда. Олардың қатарында бокстан Олимпиада чемпионы та бар. Ол Алматы қаласындағы №361 сайлау учаскесіне Ермахан Ибраимов отбасымен бірге келіп, өз таңдауын жасады. Сайлауға отбасымен бірге бару – Ибраимовтар әулетінің бұрыннан қалыптасқан дәстүрі. Танымал боксшы дауыс беруден қалмай, әр жолы сайлау учаскесіне жақындарымен бірге келеді.

Түркістан облысының Төлеби ауданындағы №734 сайлау учаскесінде самбо және дзюдодан әлем чемпионы Мәди Нәбиев дауыс берді. Спортшы жергілікті өкілді органдардың халықтың күнделікті өміріне тікелей қатысты мәселелерді шешудегі рөлін ерекше атап өтті.

«Сондықтан әрбір тұрғынның сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауы маңызды», – деді Мәди Нәбиев.

Мүгедек арбасындағы теннистен Қазақстанның екі дүркін чемпионы, V Пара Азия ойындарында еліміздің атынан осы спорт түрі бойынша алғаш рет өнер көрсеткен Ердәулет Қадырбергенов Ақтөбе қаласындағы №90 сайлау учаскесінде дауыс берді.

«Сайлауға таңертең өзім келдім. Жұбайым Назгүл баламен үйде қалды. Мен үйге барған соң ол да келіп, дауыс береді. Зейнет жасындағы анам Бақыт та түске дейін өз таңдауын жасайды», – деді чемпион.

Еліміздің әр өңіріндегі сайлаушылардың белсенділігі қазақстандықтардың жасына және кәсібіне қарамастан қоғамдық-саяси өмірге араласуға деген қызығушылығын көрсетеді. Сайлау учаскелеріне конституциялық дауыс беру құқығын алғаш рет пайдаланған жастармен қатар, сайлауға қатысуда көпжылдық тәжірибесі бар азаматтар да келуде. Дауыс беру арқылы олар өз қалаларының, аудандары мен ауылдарының алдағы даму мәселелеріне қатысты ұстанымдарын білдіреді.

Бөлісу