15-05-19 |
2760 рет қаралған
Әміржан, саған шегінерге жер қалмады!.
Әміржан, саған шегінерге жер қалмады!

Алғашында, сайлауға Әміржанның түсуіне ресми биліктің өзі итермеледі ме екен деген ой менде де болған. Сайлау легитимді болсын дегеннен туған биліктің тағы бір түлкібұлаңы шығар дескенбіз. Енді, тіпті солай болған күннің өзінде Әміржанды қолдаған халықта қазір қисап жоқ. Осы қарқынмен кете берсе, сайлау күні Қосанов үшін дауыс беретіндердің саны 80 пайызға жетсе, таңғалудың қажеті жоқ шығар. Әрине, ол үшін ОСК жауапкершіліктің ауыр салмағын терең түсініп, дауысты барынша дұрыс санауы тиіс. Кейін оның да сұрауы қатал болады. Мұны болжау үшін әлеуметтанушылықтың да, әулие-көріпкелдіктің де қажеті жоқ. Себебі, бәріміз де халықтың жуан ортасында жүрміз. Жан-жағымызды қарулы оққағарлармен қоршатып, қара машина мініп, жағымпазданып-жарамсақтанған атқосшыларымыздың берген жалған мәліметіне сүйеніп отырған жоқпыз. Ел-жұрттан оқшауланып, шынайы жағдайдан бейхабар қалған жеріміз жоқ. Бәрін көзбен көріп, қолмен ұстап жүрген халық өз жайын бәрінен артық білері аксиома.
Күнделікті жас-кәрісі бар талай жұртпен жүздесеміз, сөйлесеміз, қысқасы, өмірдің қайнаған ортасындамыз. Жауырды жаба тоқымай шындығын айтсақ, халық отыз жылғы саяси өнбейтін тірліктен, түрлі орынтақтарға азғана топтың тағайындауымен ғана қонжиған санаулы тұлғалардың ылғи келер шақта құрылған сөйлемдері арқылы берілетін орындалмас уәделерінен, алуан түрлі қаржы құйтырқылығынан, ортақ қазынадағы ел байлығын талан-таражыға салып, ұрлап-жырлаушылардан, ат төбеліндей топтың сыбайласқан жемқорлығынан, қара халықты аздырып-тоздырып қойып, мәнсабын пайдаланып арам жолмен миллиардер болғандардан бүкіл қоғам бек шаршады, халық әбден жалықты. Саяси жүйе де тірі организм. Сондықтан оның да азып-тозуы, іріп-шіруі қоғамның бұлжымайтын заңдылығы. Халық бәрін көріп, біліп, төзбеске төзіп келді. Оның да шегі бар.
Осы себептен де, ел-жұрт саяси жүйенің іс жүзінде жаңарып, нақты көзге көрінерліктей күрт өзгеруін қалайды. Өзге «ескі жол, дәстүр сабақтастығы» дегендей пәлен-пәштуан құрғақ сөздерге мына халқың пысқырып та қарайтын түрі жоқ. Отыз жыл бойы көрді, білді, көнді, орындалмас уәделерге әбден тойды. Енді, лақылдатып құссын демесең, ондай жауыр болған сылдыр суды сапыра бергеннен сорпа шықпайды, қаймақ түспейді. Сол үшін де Әміржан Қосановқа ел-жұрттың аңсары ауды, оны үкілеген үмітіне айналдырды. Енді, сол сенімге селкеу түсірмеу үшін әділ сайлау үшін күресу ғана қалды.. «Халық қаласа – хан түйесін сояды» деген бар. Мұнымен жіті санаспасақ қателесеміз. Әміржан! Халық соңынан еруге белін бекем буды. Олардың сенімін ақтарсың!
Мен қатардағы қарапайым сайлаушы ретінде әріптесім журналист Әміржан Қосановқа дауыс беремін! Байкот жариялаған жандарды да жаппай сайлауға қатысыңдар демекпін.
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ ФБ парақшасынан алынды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.