Қарағанды облысы әкімі Ерлан ҚОШАНОВ тілдер басқармасын сынға алды. Мемлекеттік тілді үйретудегі әдістеме жұмыстары өңір басшысының көңілінен шықпады. Облыс аппаратының жиынында Ерлан Қошанов «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» басшысы Гүлнәрайым ҚАҢТАРБЕКОВАНЫ үй тапсырмасын орындамаған оқушыдай сөкті.
-Оқыту жағынан мен сізге айтам, біз алысқа кеткен жоқпыз. Оқытудағы әдістемелік құралдарыңыз, методикаларыңыз, барлығы сын көтермейді. Қайда барамыз біз ертең?! Елбасы айтты, қазақ қазақпен қазақша сөйлесін деп. Соған қандай ықпал жасап жатырсыздар?! Тіпті науқан қылу керек, оқыту керек! Бұл өзі әріптестердің өзіне, болашағына керек, — деп ашуға булықты Ерлан Жақанұлы.
Бір ғана 2017 жылы тілдер саясатын дамыту үшін 179 миллион теңге бөлінген. Оның 60 пайызы мемлекеттік тілді оқытуға жұмсалған. Алайда халықпен жұмыс істейтін шенеуніктердің өзі мемлекеттік тілді білмейді. Мәселен, Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВ мемлекеттік тілді түсінгенімен, ойын жеткізе алмай қиналып жүреді. Ал оның ізін басқан шенділер қатарында қалалық коммуналдық шарушылық, жолаушылар тасмалы және жолдары бөлімі басщысының міндетін атқарушысы Ескендір ҚАБИДОЛЛА қайда барады. Бастығының жолын ұстанған ол «сөйлей алмаймын» деген сөзді ғана үйреніп алған.
Әкімі сыны Гүлнәрайым Қаңтарбекованы біраз терлетті. Тілге жауапты шенеунік нақты жауап қатпағанымен, басын қағаздан алмай дайындап келген баяндамасын әйтеуір оқып берді.
-Мемлекеттік тілдің меңгеру дәрежесін айқындау мақсатында тестілік жұмыстар жүргізілуде. 2017 жылы 4619 адам осы тестіге қатысқан болатын. Оның 99,2 пайызы мемлекеттік тілде әртүрлі деңгейде білетіндерін растап шықты. Биылғы жылы 6000 адамды қамтуды көздемекшіміз, — деп жұмысына жан салып кірісіп жатқанын баяндамасынан байқатқан Гүлнәрайым Қаңтарбекова облыс басшысының алдында көзге көрінбес оң нәтижелерін үйіп тастады.
Кеншілер өңірінде мемлекеттік ұйымдар өкілдерінен мемлекеттік тілде сұхбат ала алмайтынын әріптестеріміз де айтады. Өмірінің жартысын журналистика саласына арнаған Жанабек НАРОВ тіпті мемлекеттік тілде ақпарат алу өте қиын дейді.
-Алысқа бармай, мемлекеттік мекеме өкілдерінің өзі қазақша сұхбат сұрасаң, төбелеріне жай түскендей ат-тондарын ала қашады. Біз қазақ шенеуніктерінің орысшасын қазаққа аударып отырамыз. Бұл заңды сыйламау емес пе, — дейді журналист.
Ерлан Қошанов 2017 жылы 14 наурызда Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалған болатын. Содан бері барлық ресми жиындарды мемлекеттік тілде өткізіп келеді. Алайда, оның командасының тілі қазақша әлі шығар емес.
Айман Сағатай, Қарағанды
Дереккөз: zhasalash.kz
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
24.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024