Қазақстандық жастар Астана экономикалық форум аясында әлемнің түрлі елдеріндегі белді саясаткерлер мен ғалымдардың дәрісін тыңдау мүмкіндігіне ие болды. Іс-шара ұйымдастырушылары – «Астана» халықаралық қаржы орталығының Үздіксіз кәсіби даму бюросы, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы мен «Экономикалық зерттеулер институты» деп хабарлайды arasha.kz тілшісі.
Ұйымдастырушылар “Жастар жылына” орай AEF Talks – Астана экономикалық форумының беделді ғалымдары мен саясаткерлерінің әңгімелесу форматындағы ашық дәрістерін өткізуді жөн көрген. Дәріскерлер “Қанаттандырушы өсім: адамдар, қалалар, экономикалар” тақырыбы аясында білімі мен тәжірибесін ортаға салды.
2006 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Мұхаммад Юнустың дәрісі қатысушыларының айрықша қызығушылығын тудырды. Белгілі ғалым өз кезегінде қазақстандық жастарға өз кәсібін ашу туралы құнды кеңесімен бөлісті.
“Мыңдаған, тіпті миллиондаған адам магистр, ғылым докторы атағын алып, кейін жұмыс іздеп жүреді. Жұмыс іздеудің қажеті бар ма? Әрине жоқ немесе ол жөнді идея емес дегенді айтқым келеді. Егер сіз дәл солай ойласаңыз, онда ойыңызды жедел түрде өзгертуге тура келеді. Яғни өмір адамның жұмысына тікелей байланысты деген ойдан арылу керек. Немесе өзіңізге “Мен жұмыс іздемеймін, мен керісінше өзгелерге жұмыс ұсынушы адаммын” деп ойлап көріңіз. Мысалы өз аналарыңызға қарап көріңіздерші? Олардың тұрақты жұмысы болса да, олар бизнеске бет бұрады. Мәселен орамал тоқиды, сүт, тамақ немесе көкөністерді сатады. Сонда өзіңіз бен анаңыздың арасында қандай айырмашылық бар деп ойлайсыз? Анаңыз қандай да бір бизнес курсқа бармаса да, ол өз ісін аша алады. Бір сөзбен айтқанда, өмір деген – жұмыс іздеу емес, ол керісінше, өз ісіңді, бизнесіңді ашу”,-деді ол.
Өз тәжірибесімен бөліскендер қатарында профессор, Колумбия университетінің Тұрақты даму мәселелері жөніндегі орталық директоры Джеффри Сакс, IMD бәсекеге қабілеттілік орталығының (IMD World Competitiveness Center) директоры Артуро Брис пен Постиндустриалдық қоғамды зерттеу орталығының директоры әрі Халықаралық істер бойынша Ресей ғылыми кеңесінің мүшесі Владислав Иноземцев және т.б. болды.
Еске салсақ, аталмыш іс-шараны ұйымадсытрушылардың бірі болып табылатын АХҚО 2019 жылдың наурызында Әлемдік қаржы орталықтары индексінде (Global Financial Centres Index) 37 сатыға көтеріліп, 102 орынның 51 орнына жайғасқан болатын. Ал Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірі бойынша орталық бірінші орынды иеленді. Сонымен қатар орталық «Ислам қаржысына институционалдық қолдау көрсеткені үшін», «Ислам қаржысы саласында саясатты құрғаны үшін» және «Адам капиталын дамытудағы бастамалары үшін» ислам қаржысы саласындағы Global Islamic Finance Awards (GIFA) атты белді жүлденің бірден үш марапатына ие болды.
Бүгінде АХҚО алаңына Қазақстан, АҚШ, БАӘ, Сингапур, Қытай, Ұлыбритания, Германия және Франция елдерінен жүз компания тіркеліп үлгерді. Бір жыл ішінде Сбербанк, Master Card, Visa, Euroclear, ERG, SAP, «Даму» қоры сынды ірі компаниялармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. АХҚО өзіне тіркелген компаниялар санын 2020 жылға дейін 500-ге жеткізуді жоспарлап отыр.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024