Техника ғылымдарының докторы, профессор Саят Ыбырай 2010 жылы «сопылар ісі» бойынша 12 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. Міне, соңғы 8 жыл бойы зиялы қауым өкілдері мен қоғам Саят Мұратұлын бостандыққа шығару туралы билікке талап қоюмен келе жатыр. Осы талап-тілектің әсері болса керек, күні кеше профессор мерізімінен бұрын бостандыққа шықты. matritca.kz сайтының тілшісі Саят Ыбырайдың адвокаты Абзал Құспанмен хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан екен.
– «Сопылар ісі» бойынша айыпталған Саят Ыбырайдың бостандыққа шыққаны құтты болсын. Профессордың бостандыққа шығуына құқық қорғаушы ретінде сіздің еңбегіңіз көп сіңді деп ойлаймыз…
– Рахмет. Қатты қуанып жатырмыз.
– Күні кеше ғана бір топ зиялы қауым өкілдері Саят Ыбырайды түрмеден босату туралы президентке хат жазып еді. Ағамыздың азаттыққа шығуына осы хат әсер етті ме?
– Саят Ыбырайдың бостандыққа шығуына зиялы қауым өкілдерінің ашық хаттарынан бастап, әрбір азаматтың тілекші болғаны әсер етті деп ойлаймын. Сондай-ақ, қатаң режимдегі түзеу колониясында отырғанда ағамыз өзін тәртіпті ұстап, қоғамға пайдалы жұмыстармен айналысты.
Жалпы адамды еңбекпен түзеу керек деген бұрыннан келе жатқан қағида бар. Осыған сәйкес, ағамыз түзеу мекемесінде екі монография жазып, робот құрастырды. Бір ғана Асқар Жұмаділдаев ағамыздың өзі бір емес, бірнеше рет Саят Ыбырайды бостандыққа шығару туралы батыл пікір білдірді.
Осындай қоғам өкілдерінің талап-тілегі қылмыстық атқару жүйесі мен ҰҚК басшыларын ойландырса керек. Әйтпесе, осы жылдың 15 ақпан күні Семей қалалық соты біздің өтінішімізді орындаудан бас тартқан еді. Ал бүгін Шығыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы Саят Ыбырайды бостандыққа шығару туралы шешім шығарды. Құдай қаласа, ағамыз бүгін бостандыққа шығады.
– Саят Ыбырайды зиялы қауым өкілдерінен бастап, қарапайым азаматтарға дейін кінәлі емес деп есептейді. Демек, алдағы уақытта аталған азаматты ақтау жұмыстарын жүргізесіздер ме?
– Мен үшін қазіргі таңда Саят Ыбырайдың аман-есен бостандыққа шығып, отбасымен қауышқаны маңызды. Ал енді ақталу мәселесін сәл демалып алғаннан кейін өзі айтады ғой деп есептеймін. Жалпы ол кісінің жоспарында соттасып, дауласу деген мүлде жоқ.
Мәселен БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитетке арыздану үшін екі апта бойы оның жай-жапсарын оқыдым. Алайда аға «Абзал, халықаралық ұйымдарға арыздансақ, Қазақ елінің имиджіне кері әсер етеді» деп мені тоқтатты.
Сондай-ақ, Саят Мұратұлы әлемдік деңгейдегі ғалым болғандықтан халықаралық математиктер ұйымымен байланыс орнаттық. Аталған ұйым ғалымды қолдап, хат жазамыз дегенде, оған да қарсы болды. Негізі, менің Саят Ыбырайдың ісімен айналысып жүргеніме 8 жыл болды.
Сонда бір байқағаным – ағамыз Қазақстанда робототехника институтын құрып, жұмыс жүргізгісі келеді. Сондықтан да ғалым ақталып уақыт өткізгенше, еліміздегі ғылымды дамытуға ниетті болып отыр. Егер ол ақталатын болса, халықаралық емес, еліміздің сотына арыз-талап түсіруі мүмкін. Өйткені ол түзеу мекемесінде отырғанда шетелдік ұйымдарға шағымданудан бас тартқан еді.
– Батыс мемлекеттерінің ықпалымен елімізге келген кез-келген діни ағым өкіліне шартты жаза тағайындалып, бостандыққа шығады. Ал «сопылар ісі» бойынша айыпталған топ неге ұзақ уақыт түрмеде отырды?
– Өте дұрыс мәселені көтеріп отырсың. Мәселен, шет елден келген діни ағымның артында тегеурінді сұраушысы тұр. Айталық, Иегова өкілдерінің артында Үндістан, тағы бір діни сектаның артында Ұлыбритания сынды ықпалды мемлекеттер бар. Сондай-ақ, еліміздегі уаһабилердің артында Сауд Арабиясы сияқты қаржылық мүмкіндігі зор жоқтаушысы бар.
Ал сопылық ілімнің қазақтан басқа сұраушысы жоқ. Оның үстіне, тарихқа көз жүгіртетін болсаңыз, сопылық ілімді таратушылар өмір бойы зардап шегіп келе жатқанын байқайсыз. Өйткені, сопылар уаһабилер сияқты қара күшке жүгініп, құйтырқылыққа бармайды.
– Саят Ыбырайдан бөлек «сопылар ісі» бойынша Исматулла Мақсұмның ұзақ мерізімге сотталғаны белігілі. Болашақта аталған азаматты бостандыққа шығару жұмыстары жүргізіле ме?
– Мен 8 жыл бойы Саят Ыбырайдың құқық қорғаушысы болып еңбектендім. Ал Исматулла Мақсұмның адвокаттары не істеп жатқанынан хабарым аз. Кезінде бұл азаматқа қатысты abai.kz, masa.kz сияқты сайттарда мақала жазылғанда, өз ойымды білдіріп жүрдім.
Алайда ол кісінің адвокаты «Исматулла Мақсұмның ісін бұқаралық ақпарат құралдарына шығармауларыңызды сұраймын. Іске қатысы жоқ азаматтар сұхбат бермеңіздер» деген болатын. Осыдан бастап Исматулла Мақсұмның ісіне қатысты қандай да бір пікір білдіруден тыйылдым. Сондықтан да аталған іске байланысты нақты жауап бере алмаймын.
– Жаңаөзен көтерілісіне қатысты істен бастап, әр түрлі даулардың басы-қасында өзіңіз жүрсіз. Ұлттық мәселелермен айналыспай-ақ, тып-тыныш жүре бермейсіз бе?
– Қоғам қазір қазақ және орыс тілді орта болып, екіге бөлініп алған. Қазіргі таңда орыс тілді БАҚ ақпарат кеңістігінде үлкен салмаққа ие болып отыр. Олар не жазса да, билік аяғынан тік тұрып, жауап беріп ақталып жатады. Ал қазақ тілінде жазылған мәселеге билік мән беріп, назар аударған емес.
Бірақ соңғы кездері нақты күш қазақ аудиториясына ауып бара жатқаны белгілі бола бастады. Мысалы, жер дауында қазақ қоғамы дүр сілкініп, биліктің аяғын аңдап басуына әсер етті. Сондай-ақ, ratel.kz сайтына қатысты жағдайға байланысты орыс тілді БАҚ шулап еді, оған біздің қазақ БАҚ қосылып кетті.
Алайда, онда болып жатқан оқиғалар үшін қазақ бәрі бірдей алаңға шықпайды. Себебі аталған сайттар ұлттық мәселені көтеріп, қазақтың мәселесіне бас ауыртқан емес. Жалпы мен халықтың алаңға шығып қана емес, сонымен қатар заң бойынша өз құқықтарын сауатты қорғағанын қалар едім.
Ұзын сөздің қысқасы, мен ұлттық мәселеге биліктің назар аударып, жұмыс жүргізгеніне ықпал еткім келеді. Жақсы көрейік, жек көрейік, қалай болғанда бұл билік – қазақтың билігі. Сондықтан да екіжақты ымыраласып жұмыс жүргізген әлдеқайда тиімді.
– Саят Ыбырайдың бостандыққа шығуы биліктің жұмсарып, қазаққа бет бұруы деп есептейсіз бе? Сондай-ақ Саят Ыбырайдың бостандыққа шығуы салафизм иделогиясын тежеуші күш бола ала ма?
– Менің ойымша, биліктің ұстанымы жұмсарып, қазаққа бет бұра бастады. Өйткені, соңғы кездері қазақ тілді ортаның үні, бейнелі түрде айтсақ, қаттырақ шыға бастады. Егер алдағы уақытта қазақ тілді азаматтарға билік қысым көрсете беретін болса, оның арты үлкен мәселелерге алып келеді.
Мұны билік қазіргі кезде түсіне бастады деп ойлаймын. Ал Саят Ыбырайға келетін болсақ, ол «Егер діни мәселеде қоғамға керек болмасақ, онда біз жұмысымызды тоқтатып, ғылымға кетейік» деп отыр. Нақтырақ айтсам, ол еліміздегі роботехниканы дамытып, жұмыс жүргізуге мүдделі.
Менің ойымша, бұл жұмыстар қазаққа аз қызмет емес. Ал енді діни мәселеге мемлекет тікелей өзі араласпаса, бұл кісі енді араласпайды. Егер мемлекеттің өзі шақырып, иделогия мәселесінде ақыл-кеңес сұрамаса енді ол дін мәселесіне кіріспейді.
– Жаңа сіз Саят Ыбырайдың халықаралық ұйымдарға шағымданбағанын айттыңыз ғой. Жалпы, бұдан басқа ағамыздың қандай қасиеттерін ерекше атап айтар едіңіз?
– Түрмеде отырып екі бірдей ірі ғылыми монография жазды. Сондай-ақ, өндіріске қажетті екі роботты құрастырып шығарды. Мысалы, бұған дейін құрастырылған роботтар дөңгелек арқылы құрастырылғандықтан кейбір жерден өте алмайтын.
Ал ағамыз құрастырған робат адам сияқты жүріп, кез-келген кедергіден өте алады. Бұдан бөлек, Саят Мұратұлының түрмеде отырса да ерік-жігерінің мықты болғаны таңғалдырады. Саят ағамен жолығуға барғанда түрмедегі қызметкерлер басыңнан бақайшығыңа дейін мұқият тексереді.
Тіміскі тексеруден шаршап ағаның алдына ашуланып баратын кездерім болады. Алайда, профессордың алдына ашуланып барып, үлкен күш-жігер алып шығамын. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бостандықта жүрген мына біздермен салыстырғанда 8 жыл түрмеде отырған Саят ағаның рухы мықты.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Хамзат Рахымбекұлы
Дереккөз: matritca.kz
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024