05-07-19 |
3080 рет қаралған
Назарбаев халық пен Тоқаевтың алдында ант беруге міндетті.
Назарбаев халық пен Тоқаевтың алдында ант беруге міндетті

Белгілі журналист, «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев қауіпсіздігінің кеңесінің легитимділігі жөніндегі ойын фейсбук парақшасында жариялады. Онда журналист қауіпсіздік кеңесі және оның мәңгілік төрағасы Н.Назарбаев пен елдегі президент билігінің конституцияға сәйкес я сәйкес еместігіне тоқталады.

«Заң бойынша Президенттен жоғары лауазым болмайтындықтан Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері мәңгілік төрағасымен қоса республика халқы мен Президенті алдында ант беруге міндетті» деп жазады журналист өз жазбасында.

«Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті болып сайланғаннан кейін Мемлекет басшысы ретінде министрлер мен облыс әкімдерін қайта тағайындап, кейбіреулерін қызметтен босатып жатыр. Өйткені, Қазақстан Республикасының Президенті ретінде ол еліміздегі ең жоғары лауазымды тұлға (ҚР Конституциясы, 40-бап, 1 тармақ). Дұрыс-ақ!
Президент сол Негізгі құжатқа сәйкес сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін қызметке дербес тағайындайды; Үкімет мүшелерін қызметтен босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды (44 бап. 3/). Президент Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесін құрады (44 бап, 20/).
Ата заңымыздың осындай баптарына қарағанда еліміздегі ең жоғарғы лауазымды тұлға ретінде Президент Қауіпсіздік кеңесін қайта құруға да, таратуға да құқылы. Ал Қ.Тоқаев Қауіпсіздік кеңесін қайта құра ала ма? Міне, мәселе осы жерден туындап отыр. Заң бойынша Президенттен жоғары лауазым болмайтындықтан Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері мәңгілік төрағасымен қоса республика халқы мен Президенті алдында ант беруге міндетті.
Алайда біз де-факто күш құрылымдарын уысында ұстаған Қауіпсіздік кеңесінің, дәлірек айтқанда оның төрағасының Президенттен жоғары тұрғанын көріп отырмыз. Оның үстіне Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері мен төрағасының жаңа Президентке ант беруі көзделмегендіктен бұл «конституциялық органның» бәрінен жоғары тұрғандығын іс жүзінде әйгілейді. Күш құрылымдары кімнің қолында болса билік соның қолында болатыны мәлім.
Алайда биліктің легитимділігі деген ұғым бар ғой. Тап осы жерде көңілге күдік ұялайды. Өйткені күш құрылымдарын алақанында ұстаған Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының Президенттен жоғары тұруы ҚР Конституциясының 2 бабының 1 тармағына қайшы. Көрсетілген нормада «Қазақстан Республикасы –президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» екендігі жазылған. Онда Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының басқару нысанындағы біртұтас мемлекет екендігі жазылмаған. Сондықтан бұл жерде ҚР Конституциясы бұзылып тұр. Яғни біз ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының құзіреті легитимді емес екендігін көріп тұрмыз.
Екіншіден, Ата заңның 3-бабының 1 тармағында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» екендігі көрсетілген. Ал 2-тармағында «Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді» делінген. Яғни ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы де-факто абсолюттік билікке ие болуы үшін ел өмірінің маңызды мәселесі ретінде мұны референдум арқылы ғана шешіп алуы керек. Ал өзін өзі тағайындаған Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы заңды сайланған Президенттен жоғары болуы тағы да легитимділікке жатпайды. Біздің бұл ойымызды ҚР Конституциясының 3 бабының 3-тармағындағы «Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады» деген қағида тағы растайды. Құзіреті Конституциядан, конституциялық жолмен сайланған Президенттен жоғары тұрған қандай да болсын орган легитимді болып табылмайды.
Сондықтан Қазақстанға екі басты жылан тәрізді қос өкіметтің қажеті жоқ!» деп жазады Марат Тоқашбаев.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.