Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Отырысқа президент Қ.Тоқаев қатысты. Кеңес мүшелері бұған дейін бірнеше жұмыс тобына бөлініп, сол бағытта жұмыс істей бастағаны мәлім. Отырыста саяси реформалар тобынан саясаттанушы, қоғам қайраткері Айдос Сарым баяндама жасады. Төменде саясаттанушының баяндамасын толық жариялап отырмыз.
arasha.kz
Айдос Сарым, қоғам қайраткері, саясаттанушы:
– Ұлттық кеңестің алғашқы ұйымдастыру кездесуінде қол жеткізілген келісімдерге сай Кеңес мүшелері өз талап тілегі, кәсіби бағыты мен ырқына қарай үш жұмыс тобына бөлінген болатын. Біздің топ – саяси реформаларға қатысты құрылған топ. Тобымызға Кеңестің ақсақалы, дуайені Сейдахмет Құттықадам ағамыз бастаған 16 саясаткер, қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, заңгерлер, сарапшылар кірді.
Бірінші күннен бастап біздің топ қызметін жандандырып, екі отырысын өткізіп, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында қоғам белсенділерімен кездесулер өткізіп, сарапшылардың ой-пікірін жинап, зерделеп, осы күнге дейін баспасөз бен әлеуметтік желілерде айтылған сын-пікір, тілек-лебіздерге мониторинг жүргізіп, «саяси модернизация», «саяси реформалар» деген ұғымға саятын барша дүниелерге айрықша көңіл аудара отыра, қызу талқы өткізісіп, дауыс беріп, біршама, жалпылама болса да ортақ пікірге келген сияқты.
Шынын айту керек, еліміздегі «саяси реформа» деген тақырып айтуға оңай болғанымен, іс жүзінде, әрекетке келгенде аса күрделі екені айқын. Қазақтың қызыл тіліне салсақ, екі күнде саяси реформа, үш аптада саяси жұмақ орнатуға болатын сияқты болып көрінеді. Бірақ, ақиқатына келсек, жұмыс тобының ішінде де қызу талқы орын алды, кейбір мәселелерді дауыс беру арқылы шешуге тура келді. Яғни, қазір ортаға салайын деп отырған дүниелер тобымыздың ортақ мәмілесі, көптеген ой мен пікірдің түйіні, компромистік ұсыныстар.
Бұл ой-пікір неден туындады? Баса айтып өткім келетін бір дүние бар. Бәрімізде бүгін қыл үстінде тұрған сияқтымыз. Біздің жұмысымыздан үміт күтіп те, жұмысымызға көзін алартып та отырғандардың саны бірдей сияқты. Үміт пен күдіктің арасын жалғау, көпшіліктің көңілінен шығу, алаң да алаң алаң жұрттың ойлағанын дөп басып, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, қиыннан қиыстырып, ұлт пен мемлекеттің даңғыл жолын тауып, ортақ жол ұсыну, алтын ортаны табу ел мұраты мен болашағын түсінген әрбір азаматтың борышы мен міндеті деп түсінеміз. Сондықтан да кейбір кезде қызды-қыздымен осып-осып жіберсек, кейбір кезде сап-сап көңілім, сап көңілім деп, өзімізді сабырға да шақырған кезіміз болды. Қысқасы, тобымыз, осы жолы тек ірі-ірі, кесек-кесек дүниелерге тоқталып, ең бастысы ортақ мүдденің іске асуы, жұмыла көтерген жүгіміздің жеңілдеуі, қоғамдық-саяси үдерістердің алдыға қарай жылжығанын дұрыс деп тауып отырмыз.
Біздің топтың ішінде тәу еткен Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап елге адал қызмет етіп келе жатқан азаматтар аз емес. Осы жолда саяси реформа, саяси модернизация деген тіркестердің сан мәрте сан-саққа жүгіртіліп, сан мәрте сорақы, ұсқынсыз, ұстынсыз бағытқа бұрылып, бұрмаланғанын да көрдік. «Осының бәрі де бос сөз», «осының бәрі де жалған» деп түңілгендердің қатары жыл санап көбейіп те келеді. Бірақ, осыған қарамастан қоғамдық ортада, жұрт ішінде шынайы реформа осындай болуы керек, осылай болмаса бәрі де қараң деген қатқан қағида дәрежесіне жеткен ұстанымдар да жетерлік. Біздің жұмысымызға қарап, «мінеки, осы мәселе айтылмаса, онда бадалыңдар, осыны айтпасаңдар қараң қалыңдар» деп отыратын топтар да жоқ емес. Қоғам қалай әркелкі болса, билік іші де солай біркелкі емес екенін де жақсы түсінеміз. Қоғамның дүйім көпшілігі «қандай да болса да өзгеріс болса екен» десе, билік ішінде «бүгінгі күніміз алтын ғасыр, ештеңе де өзгермесе екен, осы таз қалпында қала берсе екен» дейтіндер де жоқ емес. Дұрыс түсінсек, біздің жұмыс осы екі көзқарастың текетіреске түспей, қанды жанжалға апармай, елді шайқалтпай, мемлекетті мұқалтпайтын жолын табу, соны қоғамға ұсыну!
Олай болатын болса, біздің топтың абырой-арының мәселесі – негізгі-негізгі деген мәселесін нақ айту, соларды шешудің жолдарын іздеу, ұрыса-табыса отыра ортақ жолын, сара жолын қарастыру болып табылады. Қасықтап жиналған абыройды бір күнде шелектеп төгетін ешкімнің де жайы жоқ! Бірақ, ел мен ұлт үшін, болашақ ұрпақ үшін кейбір кезде арды сатпаса да, ат пен абыройдан айрылатын кезеңдер болып тұрады. Егер ұлт жұмысы өрге домаласа, сең козғалса, нәтиже болса, саяси үдерістер басталса, менікі ғана дұрыс, сендер оңбаған екенсіңдер деп қарап тұрар, төсекте көсіліп жатар жайымыз да жоқ!
Бірімізге ұнасын-ұнамасын, дәл осы кезге саяси модернизация, саяси реформа деген мәселелерге қатысты нақты қоғамдық пікір қалыптасты. Жұмыс тобы барша жұмысты, айтылған пікірді зерделей келе саяси мәселелер елімізде қабылданған жиырма екі заңға қатысты екеніне көзін жеткізді. Алайда, осы кезге дейінгі барша дау-дамай саяси үдерістерді, олардың басты ережесін анықтайтын бес-алты заңның төңірегіне топшыланғанын да жоққа шығара алмаймыз.
Біздің ұсыныстардың басты бағыты – елдегі саяси үдерістерді демократизациялау, заңнаманы ұлт мүддесіне сай ырықтандырып, либерализациялау, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастардағы теңсіздікті жою, қоғам тынысын ашып, халық пен билік арасын жамау болып табылады.
Жұмыс тобы жүргізген мониторинг, осы кезге дейін істеп келген дискуссиялық алаңдар мен талқылардың материалдарын зерттеу, баспасөзде жарық көрген мақалалардың мазмұны, сарапшылар мен саясаткерлердің пікірі негізінен бес заңның аясындағы сын мен дау-дамай екенін айқын көрсетеді. Осы бес заң түзелетін болса, осы бесеуі ырыққа келсе, дұрыс сайлау өтеді, саяси плюрализм мен саяси белсенділікке, саяси бәсекелесіткке жол ашылады деген пайымдар бар.
Бұл заңдар:
«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» 1995 жылдың 17 наурызындағы заңы;
2002 жылдың жазында қабылданып, сан мәрте жамалған «Саяси партиялар туралы» заң;
1999 жылы қабылданып, қырық жамалған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң;
Бағынан соры көп, талай-талай даудың өзегі болып табылатын, 1995 жылы қабылданып, соңынан мың құбылған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заң;
«Қазақстан Республикасы Парламенті мен оның депутаттары туралы» заң.
Сонымен қатар, қоғамдық орта мен санада «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы», «Сот реформасы және пенитенциарлық жүйелерді реформалар туралы» арнайы тұжырымдамалар бірінші кезекте қабылдануы тиіс деп отырмыз.
Жоғарыда аталған заң дар қай бағытта өзгеруі тиіс деген сұрақ туындайды. Біздің пікірімізше, бұл заңдар түбегейлі түрде қайта қаралып, заман талабына, жұрт сұранысына сай қайта жазылып, ашық талқыланып, жаңадан қабылдануы керек!
Митингілер туралы заң ең алдымен азаматтардың өз ойын айту-таныту құқықтарын сөзсіз қамтамасыз ету, бейбіт шерулердің түрі, сын-сипатын заң аясында анықтау, қатысушы әрбір тараптың құқықтары мен тыныс-тірлігін айқындайтын, жиындардың негізінен хабарландыру тәртібімен өткізілуін қамтамасыз ететін, еліміздің халықаралық міндеттемелеріне сай болуы тиіс деп отырмыз!
Саяси партиялар туралы заңнама ел азаматтарының саяси мүддесіне сай партияларға бірігіп, өз жұмысын еркін жүргізу құқына сай, оларды құру мен мемлекеттік тіркеуге қатысты шектеулер мен ценздерді жүйелі түрде азайту бағытында қабылдануы тиіс.
Еліміздегі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңнама «бұқаралық ақпарат құралы» дейтін ұғымды дұрыс анықтау, жалған ақпарат ұғымын декриминилизациялау, дау-дамайларды сотқа жеткізбей шешу тұрғысында қабылдануы тиіс деп санаймыз.
Қазақстанның сайлау кодексі де сайлау сайын сынға алынып келеді. Біздің ойымызша, алдағы уақытта бұл заңнама парламент пен мәслихаттарды сайлаудың аралас жүйесіне көшуді, партиялардың Мәжіліске өту табалдырығын төмендету, аудан деңгейіне дейінгі әкімдерді халықтың тікелей сайлауы жүйесіне көшуді қамтамасыз ететін өзгерістермен толығуы тиіс. Бұның барлығы да, әрине, бір күнде бола қоймас, бірақ осының сатылық, мерзімдік сатысы, жүйесі мен желісін жасақтау, жазып шығуға әбден болады.
Парламент депутаттары туралы заңнама парламенттің атқарушы биліктен тәуелсіздігін қамтамасыз етуі, парламенттік опппозицияның қызметіне мүмкіндік беруі, парламент қызметінің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыру турасында қайта қаралуы тұрғысында өзгеруі керек деп санаймыз.
Сонымен қатар, қоғамдық пікірді зерттей келе, Кеңес мүшелерінің арасында зерттеу жүргізе отыра, біздер мынадай ұсыныстарды қоса ұсынғанды жөн санап отырмыз:
Қазақстан Республикасы Халықаралық азаматтық және саяси құқықтар туралы пактінің Екінші факультативтік хаттамасын құптап, «өлім жазасы» деген ұғымнан бас тартуы керек. Заңнамаға «Өлім жазасы» деген ұғым орнына «ғұмырлық бас бостандығынан айыру» ұғым енуі тиіс.
Тағы бір мәселе: еліміздің заңнамасындағы 174 бап қайта қаралып, «әлеуметтік, таптық жік салу» деген сияқты ұғымдарға жаңа көзқарас қажет.
…
Құрметі Төраға! Құрметті Кеңес мүшелері!
Өздеріңіз көріп отырғандай, бірінші отырыстың өзінде ғана көтеріліп отырылған мәселелердің өзі бір-бір дастан секілді. Әр мәселе, әрбір сұрақ ұзақ зерттеуді, терең талқыны, ашық әңгімені талап етеді.
Байқап отырсақ, осы мәселелерді жүргізіп, іске асыруға дайындығымыз да әртүрлі сияқты. Мысалы, митингілер мен баспасөз туралы заңнамалар бойынша дәл бүгіннің өзінде бірнеше балама заң жобалары, әртүрлі дәрежедегі талқылар мен жиындар өткізіліп қойылды. Бұл мәселелер бойынша тиісті мамандар мен сарапшылардың тізімі мен қатары сақадай сай тұр. Аталмыш митингілер туралы заңнаманы біздің әріптестеріміз Алматы қаласы Қоғамдық кеңесі аясында талқылап, сарапшылардың басын қосып, біршама жетістікке жеттік деп айта аламыз.
Темірді қызған кезінде соқ деген бабаларымыз. Бәлкім, сол сияқты бүгіннің өзінде Ұлттық кеңес мүшелері қатарынан осы мәселелерге қатысты жұмыс топтарын құрып, оған Мәжіліс және Сенат депутаттарын, саяси партия өкілдерін тартып, жұмысты бастап кетуге де болатын да шығар! Егер бүгін тиісті шешім қабылданып, пәрмен берілсе, өзімізді қажап, қарқынды жұмыс істесек, Ұлттық кеңестің келесі отырысына нақты заң жобасын ұсына алар едік.
Егер қалған мәселе бойынша осындай әзірлік пен дайындық болса, солар бойынша да осындай тәртіппен қозғалып, Ұлттық кеңестің әрбір отырысына нақты заң жобаларын ұсына алатын режим мен қарқынға жете алатынымызға өз басым еш күмәнданбаймын.
Ең басты мәселе – ұлт пен мемлекеттің мәселесі! Ұлтымыздың ұйып, мемлекетіміздің мұраттарына жетуі! Жекелеп келсек, біздің ешқайсымызға атақтың да, даңқтың да қажеті жоқ. Жұмыс нәтижелі болып, жүйелі түрде жетістікке жетсек, еліміздің саяси жүйесін белгілі бір меже мен уақыт ішінде қайта жасақтап, халықтың көңілінен шықсақ, қазақ деген ұлтымызды алдағы қиын-қыстау заманның содыр-соқпағына соқтырмай, суығына тоңдырмай, шыжығына күйдірмей алып шықсақ, осыдан артық арман, осыдан артық абырой жоқ. Солай болсын деп тілейміз!
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024